Астанада шетелдік азаматтың есірткі зертханасы әшкере болды

Астанада шетелдік азаматтың есірткі зертханасы әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицейлер шетелдік азамат ұйымдастырған есірткі зертханасынан 22 келі "синтетика" және 2 тоннадан астам прекурсорды тәркіледі.

Елордалық Полиция департаментінің қызметкерлері ІІМ ЕҚҚІД бірлесіп, прокуратурамен келісілген жедел-тергеу іс-шараларының кешенін жүргізу барысында синтетикалық есірткі өндірумен және оларды Қазақстан аумағында сатумен айналысатын қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Арнайы құрылған жедел-тергеу топ, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жауынгерлерінің қатысуымен, Астанада және Қарағанды облысында, тыйым салынған заттарды өндіру үшін елге келген Украина Республикасының 52 жастағы азаматы басқарған қылмыстық топтың 7 қатысушысын бір мезгілде ұстады. Синтетикалық есірткі жасау үшін қаскүнем Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Керней ауылында жеке үй сатып алып, Қазақстанның жеті азаматын жалдаған.

Ұсталғандардың әрқайсысының "қылмыстық тізбекте" өз рөлдері болған. "Астана-Қарағанды" тасжолында полицейлер қылмыстық топта "тасымалдаушы" болған елорданың 43 жастағы тұрғынын ұстады. Бұдан әрі жедел іс-шараларды өткізу барысында қылмыстық топ жетекшісінің өзі де есірткі дайындау кезінде қылмыс үстінде ұсталды.

Есірткі зертханасын тінту кезінде өндірілген "синтетиканың" 22 килограмы тәркіленді, бұл тұтынушыға жетпейтін және жойылатын, 100 мыңға жуық бір реттік доза.

Сондай-ақ, ол жерден екі тоннадан астам прекурсор, екі реактор, химиялық қорғаныс костюмдері және синтетикалық есірткі өндіруге арналған басқа да зертханалық жабдықтар табылды.

ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі (есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Синтетикалық есірткі дайындауға арналған прекурсорлар мен жабдықтарды жеткізу арналарын және өзге қатысушыларды анықтау жөніндегі жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!