"Қабырғалар сөгітіліп, құлап жатыр". Алматыда тозығы жеткен үйлерде тұратын тұрғындар бас көтерді

Алматыда тозығы жеткен үйлерде тұратын тұрғындар бас көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тұрғындардың айтуынша, реновация бағдарламасы бойынша баспаналары апатты деп танылғанымен, жаңа пәтерлерге қоныс аудара алмай отыр. Оған өзге көршілері кедергі. Яғни 10 отбасы мердігер компания ұсынған пәтерге көңілдері толмайды екен. Сол себепті ескі үйлерін бұзып тастауға қарсы. Ал қираудың аз-ақ алдында тұрған баспананың сүрілуі үшін барлық тұрғынның кесілімі қажет.

Екіқабатты ескі үйлердің бой көтергеніне 70 жылға жуықтапты. Реновация бағдарламасы бойынша былтыр апатты деп танылған. Сүрілуге кететінін естіген тұрғындардың көбісі содан бері жаңа баспанаға қоныс аударуға асық. Соның бірі - Екатерина Герасименко. Қираудың аз-ақ алдында тұрған үйде ол 30 жылдан бері тұрады.

"Міне қабырғалар сөгітіліп, құлап жатыр. Тарақандардың көзін жыл сайын әзер құртамын. Бірақ көп уақыт өтпей қайта шығып алады. Не жарық жоқ. Жалғанған сымдардың барлығы күйіп кеткелі қашан. Баяғының адамдары ұқсап кешкісін шам жағып отырамыз. Ал қабырғаны қанша қалап, ақтағаныммен бір ай өтпестен барлығы түсіп қалады. Кейбір көршімде тіпті тарақан тұрмақ тышқандар мен көртышқандар жүгіріп жүреді. Бұл дегеніміз сұмдық қой", - Алматы қаласының тұрғыны Екатерина Герасименко.

Тұрғындардың базынасы бір. Мұңы ортақ. Көбі тозығы жеткен үйлерінен тездетіп құтылғылары келеді. Өйткені пәтерлері сыз тартып, қабырғалары көгерген. Не жылу, не кәріз жүйесі жоқ. Бірақ 5 үйде тұратын 160 адамның оны көшуге қарсы. Соның салдарынан әзірге тұрғындар барлығымыз тырп ете алмай отырмыз деп қынжылады.

"Өте керемет үй берейін деп тұр. Бірақ, кедергі болып тұрғаны, мына шетте 10 адам келіспей тұр. Досаевтің қаулысы бойынша, 100 пайыз келісім болу керек. 100 пайыз келіспесе, біз үйсіз қалып қалуымыз мүмкін. Барлығы үй салып алған, сарай салып алған. Сосын тағы да не, үйлерінің есік алдыларын қоршап алған вот соның барлығын как сол бергісі келми жатыр үйлерін. Мен жаңа үйге көшкім келеді", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Эльмира Сабырбаева.

Апатты үйлерді сүруге бүгінде мердігер компания да табылыпты. Алайда қарсылық білдірген тұрғындардың да талабы бар. Беріліп жатқан жаңа қонысқа олардың көңілдері толмайды екен.

"Мердігер компаниялар салған үйдің сапасына көңіліміз толмайды. Бұған дейін дәл осылай көшкен таныстарымыз да оны растап отыр. Олар да 3-ші қабаттан жоғары тұратындарға су бармайды деп отыр. Одан бөлек берілетін үйді барып көрдік. Есік-терезелері, сыланған сылақтары сапасыз. Ол жақта біз ұзақ жылдар бойы тұра алатынымызға кім кепіл? Ертең 1-2 жыл өтпей-ақ құлап жатса ше?", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Надежда Федорова.

Алайда қираудың аз-ақ алдында тұрған үйлерді сүріп тастауға көпшіліктің келісімі бар. Олардың айтуынша қарсы болып жатқан көршілері көшіп қана қоймай, қалталарын қампайтып қалмақ деп ашулы.

"Менің естуімше, олар әр шаршыға 750 мың теңгеден бастап миллионға дейін ақша сұрап отыр. Қазірдің өзінде ескі пәтерлерінің әр шаршысын миллион 300 мыңға дейін белгілері бар. Егер мердігер сондай ақша төөлесе, қарсылықтары жоқ деген қауесет тарауда. Немесе оларға үйді Медеу ауданынан, ӘльФараби көшесінің бойынан берілу керек екен баспана", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Сергей Репетунов.

Ал мердігер компания тұрғындардың тек қана рұқсатын күтіп отыр. Шешім шықса көшіруге дайын. Ол үшін Түрксіб ауданынан пәтерлерге жақын жерден 5 тұрғын үй кешенін де салып қойыпты.

"Ол кісілердің ұсыныстары бойынша, сатып алам десеңдер 1 шаршы метрімізді миллионнан или миллион бір жүзден сатып алыңдар дейді. Болмаса бізге Медеу ауданынан пәтер алып беріңіз деп айтады. Ол кішкене дұрыс емес деп ойлаймын да, кез келген адамда қанағат деген болуы керек. Екі бөлмелі пәтерді 1 шаршы метрді 600 мың теңгеден сатып аламыз. 3 бөлмелі пәтерді 550 мыңнан сатып аламыз. Яғни нарықтағы бағадан жоғарылау аламыз. Біз осы үйлерді 2 этаж үйлерді каркастан салынып жатқан, бесқабатты үй, кірпіштен салынып жатқан үймен бағалаймыз осы ауданның", - дейді мердігер компанияның өкілі Мұса Мұсаев.

Тозығы жеткен үйлерді бұзып, тұрғындардың жаңа пәтерге көшуі үшін барлық үй иесінің рұқсаты керек. Әйтпесе, мердігер компания берілуі тиіс жаңа тұрғын үй кешеніне өзге сатып алатын қожайын іздеуіне тура келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!