Жамбыл облысында шенеуніктер су мұнарасын салудың орнына миллиондаған қаржыны жымқырған

Жамбыл облысында шенеуніктер су мұнарасын салудың орнына миллиондаған қаржыны жымқырған
Фото: Бас прокуратура

Жамбыл облысындағы ауызсудың сапасын жақсартуға бөлінген қаржыны жымқырғаны үшін бірқатар шенеунік сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қордай ауданының прокуратурасына сілтеме жасап. 

"Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ-нің экс-басшысының 6,5 миллион теңге ұрлау фактісін Қордай ауданының прокуратурасы анықтады.

Іс материалдарынан, Сарыбастау ауылында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы М., "Қордай су" МКК директоры К. және кәсіпкер Е. құжаттар бойынша құны 12,3 миллион теңгенің су мұнарасын салуы тиіс болған.

Алайда нысанды егжей-тегжейлі талдау және визуалды қарау су мұнарасының шын мәнінде салынбағанын көрсетті.

Нәтижесінде, тергеу барысында тараптар 6,5 миллион теңгені иемденіп, өзара бөлісіп, ауыл тұрғындарын өздігінен ағып жатқан суды пайдалануына қалдырған. Бұл дерек бойынша аудан прокуратурасы ҚК-тің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары Жамбыл облысы прокуратурасының арнайы прокурорларына берілді.

Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданды. Қордай аудандық сотының 18 шілдедегі үкімімен М. ҚК-тің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кәсіпкер Е. ҚК-тің 28-бабы 5-бөлігі - 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Заңсыз игерілген ақша толығымен мемлекетке қайтарылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина