Telegram-да жаңа функция пайда болды: не белгілі?

Telegram-да жаңа функция пайда болды. Енді мессенджерде Stories салуға болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 4PDA сайтына сілтеме жасап.

Жаңа функция қазірдің өзінде Android және iOS құрылғыларында қолжетімді. Сонымен қатар оның бірқатар өзіндік мүмкіндіктері бар.

Әзірлеушілер блогына сілтеме жасаған "Код Дурова" порталы мәліметінше, қазір тек ақылы Premium жазылымы бар пайдаланушылар ғана Stories жариялай алады, ал қалғандары тек оларды көре алады. Сондай-ақ, бұл мүмкіндік арналарға қолжетімсіз. Қажет болса, жаңа жарияланымдар туралы хабарландыру орнатып қоюға болады (бес таңдаулы контактіге дейін).

Stories салу үшін чаттар көрсетілген бетті оңға сырғыту керек. Бағдарламалық құралдар көмегімен сурет салуға, мәтін, таңба қосуға, стикерлер мен эмодзилерді қоюға, сондай-ақ суреттерді өңдеуге және жазба сипаттамасында басқа пайдаланушыларды белгілеуге болады. Мәтін 1024 таңбадан аспауы керек, ал бір уақытта жарияланған Stories-тер саны 100-ге дейін.

Пайдаланушы өз Stories-терін кімдер көретінін таңдай алады: барлығы, тек контактілер, жақын достар немесе жеке тадалған адамдар. Бұл ретте тізімді жарияланымнан кейін де өңдеуге болады. Пайдаланушылардың Stories-ті сақтауға, жазып алуға немесе скриншот жасауға болатындығын және Stories уақытын (6, 12, 24 немесе 48 сағат) көрсетуге болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!