Алматыдағы кинотеатр залында табылған "шприцтер" жұртты шошытты

Алматыдағы кинотеатр залында табылған "шприцтер" жұртты шошытты
Фото: kris__p__almaty

Алматыдағы кинотеатрдың бірінде адамдар отырған жерде шашылып жатқан укол инелері жұрттың ашуына тиді. Алматының Полиция департаменті бұл жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видео Instagram-дағы kris__p__almaty парақшасында пайда болды. 

"Бүгін Розыбакиев көшесіндегі Мегадағы кинотеатрда осындай нәрселер жатыр", - делінген жазбада. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kris P Almaty (@kris__p__almaty)

Видео желі қолданушыларының ашуына тиген.

"Кинотеатрға да кіру қауіпті болыпты ғой"

"Алматыда нашақорлар көбейген" 

"Хайп шығар, инесі жоқ, тек укол жатыр"

"Камера бар ғой, полиция тексерсе болатын шығар", - дейді Желі қолданушылары. 

Алматының Полиция департаменті бұл дерекке қатысты пікір білдірді. 

"Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында бұл дерек қабылданды. Тексеру және жедел іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның нәтижелері бойынша ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатын болады", деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Сонымен қатар, Chaplin кинотеатрлар желісінің өкілдері видеоға қатысты пікір білдірді. Кинотеатрдың коммерциялық директоры Дмитрий Кириенконың сөзінше, "шприцтерге" қатысты видеодан кейін жағдайдың мән-жайын анықтау үшін кинотеатрдың қауіпсіздік қызметімен ішкі зерттеу жұмыстары жүргізілген. 

"Бұл жаңбыр, қар жауғандай әсер қалдыратын қосымша функциялары бар зал. Жақында дәл сол кинозалда кабельдік жүйені ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Ол жүйе дәрі тамызғышқа ұқсас келеді. Яғни техник мамандар жүйені ауыстырып, қалған қалдықтарды бір пакетке салып, залда ұмытып кеткен болуы керек. Ал ол қараңғыда көрінбей қалған және әлдекім пакетті басып кеткенде ол жарылған болуы мүмкін", - дейді Кириенко.  

Ол залда шприцтер табылмағанын атап өтті. 

"Біз мұқият зерттеп шықтық. Ол жерде ешқандай шприц жоқ. Тек ақ трубалы жалғайтын құрылғылар болған. Бірақ оның шприцке қатысы жоқ. Есірткіге қатысты деп кім, қандай мақсатта ойлап тапқанын білмеймін. Сондықтан шланг жүйесін тазартып, оларды залда ұмытып кеткен қызметкерлерді жазалау қажет", - дейді Дмитрий Кириенко.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина