Хромтауда әйелімен жанжалдасып қалған ер адам көшеде атыс шығарды: бір адам жараланған

Хромтауда әйелімен жанжалдасып қалған ер адам көшеде атыс шығарды: бір адам жараланған
Фото: polisia.kz/видео кадры

Хромтауда көшеде кетіп бара жатқан адамға оқ атқан бұзақы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түнгі сағат 02:00 шамасында полицияның "102" пультіне Хромтау қаласы Жұбанов көшесіндегі үйдің ауласында белгісіз біреу көшеде өтіп бара жатқан адамға оқ атқаны туралы хабарлама келіп түсті.

"Күдіктіні ұстау үшін дереу оқиға орнына полиция жасағы жіберілді. Полицейлер ер адамның қылмыстық әрекеттерін əрі қарай жалғастыруының алдын алды. Полиция қызметкерлері Мақсат Дастан мен Жылқайдар Жұлдызбек өз өмірлерін қатерге тігіп, оқ атқан адамды ұстады. Күдіктінің Хромтау қаласының 50 жастағы тұрғыны екені анықталды", - делінген хабарламада.

Мас күйдегі күдікті әйелімен жанжалдан кейін көпқабатты үйдің ауласына шығып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға оқ атқан. Жәбірленуші иығынан жарақат алғаны айтылды.

Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан