Түркістан облысында бір ауыл өлген малдың иісіне тұншығып отыр

"Жайылымдық жеріміз өлексе мен күл-қоқысқа толды". Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылының тұрғындары осы мәселені кімге барып, қалай шешерін білмей шарқ ұрып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Тұрғындардың айтуынша, қалдықтарды тастайтын полигонның айналасы қоршалмағандықтан, "жұма күні алып кеткен қоқыс, желмен ұшып демалыс күні-ақ өз үйімізге қайтып оралады" дейді тұрғындар. Қала берді, жұрт арам өлген малдың сүйегін осында тастап кетеді екен. Соның салдарынан елді мекенде ауру тарап жатқанға ұқсайды.

"Басында қоқыс алаңшасы қоршаулы болған. Алайда белгісіз біреулер оны бұзып, тонап кетіпті. Содан кейін ол жерге 10 жылға сенімгерлік алған кәсіпкер бізге қоқыс алаңшасын қалпына келтіремін деп уәде берген болатын. Бірақ әлі күнге дейін уәдесін орындамай қашып жүр", - дейді Қазығұрт тұрғыны Қабылбек Сапарбеков.

Не себепті қоқыс алаңын қоршауға алмағаны жөнінде кәсіпкерден сұрамақ болып қоңырау шалдық. Алайда жауап алу мүмкін болмады. Ал осы кезде әлгі маңайда төрт түлік жайылатын жерде теңкиген мал өлекселерін ауылдың иттері жеп жатыр. "Сосын арам өлген малды жеп тауысқан соң қорадағы төрт түлікке шабады. Малға ауру осыдан келеді" дейді мамандар. Тұрғындар ауылға жаны ашитын бір азамат осы қоқыс алаңын өз бақылауына алса дейді. Әйтпесе, күні ертең-ақ ауа, су, мал-жан арқылы ол адамға дерт боп жабыспасына кім кепіл?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!