Тоқаев "Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі" саммитінде сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі" бірінші саммитінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мен, ең алдымен, Қос киенің сақшысы – Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салманға шынайы алғысымды айтамын. Бүгін «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» жоғары деңгейдегі бірінші саммитіне қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Осы тарихи кездесу бәріміз үшін қасиетті жерде бірлік пен өзара қолдау жағдайында өтіп жатыр. Соның арқасында елдеріміздің бауырластығы және достығы нығая түсетіні сөзсіз", - деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанда тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет.

"Ең алдымен, бұл – сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту. Соңғы жылдары біздің аймақтың ынтымақтастық кеңесі елдерімен сауда-саттығы қарқынды дами бастады. Мұны ерекше атап өткен жөн. Бірақ көрсеткіштер біздің әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын", - деді Президент.

Тоқаев бұған қоса көлік-транзит саласын дамыту туралы да айтты. Оның айтуына қарағанда, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән береді.

"Қазіргі таңда мемлекеттеріміз көлік бағыттарын әртараптандыру үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр. Түрлі инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар қолға алынуда. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән береді. Біз бұл бағыт арқылы жүк тасымалын дәйекті түрде ұлғайтуға мүдделіміз. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, еліміз "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша шаралар қабылдап жатыр", - деді ол.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтуға мүдделі.

"Азық-түлік қауіпсіздігі басым бағыт болып қала береді. Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтуға мүдделі. Сондай-ақ, оның құрылымын әртараптандыруға ниетті. Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің "органик" және "халал" өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп санаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге ұйымның қазіргі төрағасы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны үшін Қатар басшылығына шынайы ризашылығын білдірді.

"Сондай-ақ оның қызметін жандандыруға Сауд Арабиясының зор үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту өте маңызды. Осы саладағы ынтымақтастықты кеңейту үшін Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесу тетігін құруды ұсынамын", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!