Ақтөбеде ер адам донерге телефон жасырып, тергеу изоляторына өткізбек болған

Ақтөбеде ер адам донерге телефон жасырып, тергеу изоляторына өткізбек болған
Фото: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі ұсынған сурет

Ақтөбеде донерге телефон жасырып, тергеу изоляторына өткізбек болған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ақтөбеде ҚАЖ департаментіне қарасты №70 (тергеу изоляторы) мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемені тексеру кезінде донердің ішіне фольгаға мұқият жасырылған шағын телефонды SIM картасымен бірге тәркіледі.

Мекемеге әкелуге тыйым салынған заттарды 34 жастағы қала тұрғыны А.Ж. есімді ер адам абақтыда "Бопсалау" бабы бойынша айып тағылған күдікті-айыпталушы досына азық-түлікпен бірге донердің ішіне жасырып, бермек болған.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі ұсынған сурет

"А.Ж. есімді ер адам өз түсініктемесінде кінәсін толық мойындады. Құқық бұзушыға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды", - дейді №70 мекемесінің бастығы әділет подполковнигі Аман Құлмұхамбетов.

Айта кетейік, бұл тергеу изоляторының режим және күзет бөлімінің қызметкерлерінің қырағылығымен мекемеге келген сәлемдемелерді тексеру барысында биыл жыл басынан бері 19 телефон тәркіленген болса, былтыр 21 телефон тәркіленіп алынған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек