Қазақстан мен Түркия 2 триллион теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алмақ болғаны рас па?

Қазақстан мен Түркия 2 триллион теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алмақ болғаны рас па?
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен түріктің "Otokar" компаниясы арасында 2 триллион теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ. "Otokar" компаниясы бронды техника өндірушілерінің бірі ғана, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлаған болатын.

"Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады. Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтуде. Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалатын болады. Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап береді және қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілеріне қажеттілікке ие", - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасы басымдық екенін атап өтті. Сондықтан Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина