Қырғызстанда енді барлық мемлекеттік қызметкерлер қырғызша сөйлеуге міндеттелді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров барлық мемлекеттік қызметшіні жұмыс барысында қырғыз тілінде сөйлеуге міндеттейтін бұйрыққа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24. kg-ға сілтеме жасап. 

Құжатта қай салада мемлекеттік тілде қызмет көрсету міндеттелгені жазылған. Құжат бойынша, енді барлық министрлік пен ведомство құқық қорғау органы, сот, прокуратура, депутаттар, мұғалім мен дәрігер қырғызша қызмет көрсетуге міндетті.

Бірлескен және шетелдік ұйымдардың атаулары қырғыз тіліне транслитерациямен берілуге тиіс. Телерадио ұйымдары, оның ішінде жекеменшік ұйымдар өз бағдарламаларының кемінде 60 пайызын мемлекеттік тілде көрсетуге міндетті.

Заң бойынша, орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылады.

"Қырғызстан өз аумағында тұратын этнос өкілдерінің тілін еркін қолдану қағидатын ұстанады және осы тілдердің дамуына жағдай жасауға кепілдік береді. Әрбір азамат өз ана тілін сақтауға, үйренуге және дамытуға жағдай жасауға құқылы", - делінген құжатта.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!