Күйеуі үстінен қайнақ су құйып, үстелді төңкеріп жіберсе де әйел арыз жазбаған - Дина Таңсәрі

Қоғамдағы зорлық мәселесі - өзекті әрі ауыр проблеманың бірі. Бүгінде зорлық адам талғамайды: балалар да, әйелдер де, ер адамдар да зорлыққа ұшырап жатады. Оған айқын бір дәлел таяуда Түркістан облысында болған жантүршігерлік жағдай. 48 жастағы ер адам 5 жасар қызды зорлап, артынша аяусыз өлтірген. Елімізде зорлық, педофилия, абьюз мәселесін белсенді жариялап жүрген "НеМолчи" қоғамдық қоры бар. Қорға күн сайын емес, сағаттап арыздар түсіп жататын кездер болады. Massaget.kz тілшісі қордың жетекшісі Дина Таңсәрімен сөйлесіп, жантүршігерлік жайттар жайлы сөйлесті. 

Сіздің ойыңызша, неліктен абьюз, педофилия және тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері көбейіп кетті? Әлде қылмыстың бұл түрлері бұған дейін де көп болды ма? 

Зорлықтың қандай түрлері көбейіп кеткені жайлы айтсақ. Ең қорқыныштысы зорлықтың өзі қатты қорқынышты болып кеткен. Аса ауыр қылмыс түрлері, денсаулыққа аса ауыр зиян келтіру түрлері, кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсету көбейіп кетті. Маған ең бір ұнамайтыны - олардың көбі Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша қаралып жатыр. Яғни ол жасөспірімдерге қатысты. Осы баппен қаралып, жыныстық қатынас 16 жасқа толмаған екінші тараптың келісуімен болған деп қарастырылады. Заңның өзі антиконституциялық. Яғни, декриминализациялау жүріп жатыр - адамдарды ұруға болады, бірақ артынша 20 тәуліктей ғана қамауда отыр, артынан тағы ұрасың, бірақ тағы қамауда отыра саласың дегендей түсінік. Одан кейін 20 тіпті 2 жылға да қамауға алмайды. Артынан 10 рет қол жұмсасаң да жай ғана жай қамауда отырып шығасың. Ал бірнеше рет қол көтерген адам тұлға ретінде деградацияға ұшырайды. Ол түзелмейді. Бірнеше тәулік қамауда отырып шыққан адам одан әрі агрессивті болып келеді. Осылайша, ол одан әрі ауыр қылмыс жасап, түбінде адам өлтіреді.  

Қай өңірден арыз-шағым ең көп түседі? 

Оңтүстік өңірлерден арыз-шағым көп түседі деген пікірлермен келісемін. Түркістан облысы, Алматы облысы, Жетісу облысы мен Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Қызылордадан көп жағдай болады. Шығыс Қазақстан облысынан шағым азырақ түседі. Ең көп - Алматы мен Түркістан облыстарының тұрғындары шағымданады. Өкінішке қарай, істер соңына дейін жетпей жатады...

Фото: Тұрар Қазанғапов

Есіңізден шықпайтын, жантүршігерлік дерек туралы айтып берсеңіз...

"НеМолчи" қорының парақшасынан мына оқиға деп бөліп-жару қиын. Бүгінде жантүршігерлік істер бойынша шыққан үкімдер көп. Жалпы, 228 үкім шыққан, оның ішінде балаларға қатысты 72 кейс бар, 9 іс полицейлерді жауапқа тарту бойынша. Біздегі деректің барлығы дерлік жантүршігерлік деп ойлаймын. Мысалы, соңғы кейстердің бірі бойынша жарыссөз өтіп жатыр. Павлодарда зорланған 16 жастағы қыз 10-қабаттан секіріп кеткен. Тағы бір қыз 9-қабаттан секіріп кеткен. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Екеуі де аяққа тұрып кетті. Қызылорда облысында үш баланың анасы өлтірілді. Жантүршігерлік істерді айта берсек ұзақ уақыт кетеді. Қолымызда Алматыда болған оқиға туралы деректер бар. Ол жайлы бүгін жазамын. Қыз бала зорланған, алайда полицейлер істі жауып тастаған. Күдікті - өзінің әріптесі. Ол қызды үйіне алдап шақырып алған, себебі ұжымдағы отырысқа бірге бармақ болған. Ол үйіме соғып шығайын деп алдаған. Қыз бала қатты зардап шеккеніне қарамастан, іс жабылған. Мұндай істерге бейжай қарайтын полицейлердің әрекеті таңғалдырады. 

Зардап шеккен әйелдер абьюзерге қайтадан оралып жататын жағдайлар болды ма? 

Иә, зардап шеккен әйелдер өзіне азғындық жасаған адамға қайтадан оралып жатады. Кейде ішім ашиды. Себебі біздің еңбек ақталмай қалады. Біз зардап шеккен әйелді аман алып қаламыз. Артынша ол әйелдің санасы өзгермеген болып шығады. Ол абьюзерге оралып жатады. Мен үшін таңғаларлық бір жайт болды. Нақты қай өңір екені есімде жоқ, бірақ ер адам әйеліне қайнаған су құйып жіберіп, оған қарай үстелді төңкеріп жіберген. Әйел адам сенгісіз күйіп қалған, қатты қиналды. Бірақ ол күйеуіне арыз жазудан бас тартқан. Жарты жылдан кейін маған күйіп қалған әйелдің әпкесі хабарласып, күйеуі қайтадан аяусыз ұрып тастағанын айтты. Бірақ мен бұл жолы көмектеспейтінімді айттым. Әрине, мен ол әйелді аяймын. Бірақ егер адам санасын, көзқарасын өзгертпесе түк шықпайды. Полицияға хабарласып, солармен жұмыс істеуі керегін айттым. 

"НеМолчи" қорына ер адамдар шағымданатын кездер бола ма? 

Әрине, ер адамдар жүгінген кездер болды. Бірақ ауыз толтырып айтатындай көп емес. Жақында Алматыда жігітті біреулер зорлап кеткен жағдай болды. Бірақ полицейлер дәлел жоқ деп істі бопсалау, қорқыту бабымен жауып тастады. 


Фото: Тұрар Қазанғапов

Педофил мен абьюзерді сырттай қалай тануға болады? Оның шамамен портретін сипаттап бере аласыз ба? 

Ең алдымен, ол агрессивті адам. Көп адам педофил - балаларды жақсы көретін адам деп қате ойлайды. Педофил - қорқақ болады, сондықтан өзіне құрбан ретінде оған қарсыласа алмайтын адамды таңдайды. Бұл оған кішкентай балалар ұнайды, оларды жақсы көреді деген сөз емес. Яғни құрбанның педофилге қарсы шығуға күші жетпейді. Егер педофил жасы келіп қалған әжені көрсе оны да зорлауы мүмкін. Сондықтан мемлекет бөліп қарастыра алуы керек. Мысалы, Түркістан облысындағы істегідей категориядағы адамдар бар. Ол бұрын адам өлтірген, соңғы қылмысы - кішкентай қызды зорлап, өлтіруі. Мен ол адам бұған дейін бірнеше әйелді зорлағанына сенімдімін. Себебі оңтүстік аймақтарда әйелдер зорланғаны туралы айтуға ұялады. Әсіресе ауылда тұратын әйелдер мұндай нәрселерді айтудан қорқады. Жалпы, оларға зорланғаны туралы айту - ұят. Бірақ үндемегеннің салдарынан кішкентай қыз зорланды. Менің ойымша солай. Себебі ол бұған дейін де адам өлтірген.             

Абьюзердің шамамен портреті сондай. Ол нашақор, ол агрессивті, ол басқаруға келмейтін, жалғыз тұрған адам. Тіпті өзінің отбасы болған күннің өзінде олар үнемі қорқып жүрер еді. Тұрақты жұмысы жоқ. Мұндай адамдар әйелінің "мойнында отырып", балаларының жәрдемақысына өмір сүреді. Әйел - ол үшін құл. Егер әйел адам оның бәріне көз жұма қарай берсе, болашақта абьюзер оның балаларын азғырады. Себебі оның агрессиясы уақытында тоқтатылмаған. Бұл проблема жайлы үндемейтін қоғам қасындағы абьюзер тек өзі үшін емес, жалпы қоғамға қауіпті екенін түсінуі керек. Бірінші кезекте оны нақты шешім қабылдайтын құқықтық сот жүйесі түсінуі керек.    

Сіз жетекшілік ететін қорға келіп түсетін арыздардан шаршап, бәрін тастап кеткіңіз келетін кездер бола ма? 

Иә, қатты шаршап кетемін. Тіпті күні бойы жылаған кездерім болды. Телефонды жек көріп кеттім, лақтырып жібердім. Себебі өткен апта - өте ауыр болды. Сол кезде маған өте көп хат келетінін, бәріне жауап беріп үлгермейтінімді жаздым. Себебі хаттың көп болғаны соншалық өзім де оларға ашумен қарайтын болдым. Мен бір сәтке тоқтап, жарты күн демалыс алдым. Ал келесі күні күндіз жағдай ушығып кетті. Кешке Каринаның, сосын Еркежанның (Түркістан облысындағы бес жасар қыз-еск.) өлімі туралы хабар түсті. Көз жасымды тоқтата алмадым. Достарым менің жағдайымды көріп, қонақүйде демалуға жіберді. Мұндай сұмдық жайттарды ешқандай психика көтере алмайды. Барлық жағдай жасалған қонақүйде бір күн демалып, күш жинап алдық. Қайтадан жұмысқа кірістік. 

Зорлыққа қатысты қылмыстар азаюы үшін қоғам не істеуі керек? 

Ең алдымен, үнсіз қалмау керек. Қоғам агрессияны кешірмеуі керек. Мысалы, кеше әйел адамның арқасынан белдікпен сабалғаны туралы жазба жарияладым. Маған бұл ақпаратты берген оның әпкесі хабарласып, жазбаны өшіріп тастауымды өтінді. Неге екенін түсіндіруін сұрадым. Ол әйелдің балалары барын айтты. Бірақ жазбада ол әйел туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ал мен ол неліктен жазбаны өшіруімді сұрағанын білемін. Мен омбудсменге үндеу жасаған болатынмын. Ол комиссиямен сонда барған. Ол жерде басшылар, олардың орынбасары болған. Орынбасарлар сол әйелге "НеМолчиге" не үшін хабарластың" деп сұраған. Бәрі солай жасайды. Кез келген ауыр іс туралы парақшамызға жазсақ, жәбірленушілер полициядағылар "не үшін "НеМолчиге" хабарластың? Жазбаны өшіріп тастасын" деп сұрайды дейді. Кейбірі сол полицейлер мен басшыларды тыңдап, жазбаны өшіруді сұрайды. Ал оны не үшін сұрайды? Себебі сол аймақтағы жауапты органдар абыройына нұқсан келгенін қаламайды. Сондықтан адамдарды қорықпауға шақырамын. Жергілікті биліктен қорықпауға үндеймін. Үндемей қалмаңыздар.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!