Жалаңаш еркектер жүр: атышулы лагерьге мемлекеттен 108 миллиондай бөлінген

Алматыдағы сауна ғимаратында орналасқан лагерьге мемлекеттен 107,8 миллион теңге бөлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Facebook-парақшасында айтты.  Ол кеше әлеуметтік желі қолданушыларынан түскен ақпарат бойынша Ұзынағаш ауылындағы "Арман дала" лагеріне Respublica партиясы атынан Алматы қалалық мәслихат депутаттары Қайрат Бегалин және Жалынбек Жайнарбаймен бірге барып, жағдайымен танысып қайтқан.

"Жазғы лагерьде баланың демалуына жағдай жасалмаған, өрескел бұзушылықтар болғанына куә болдым. Лагерь ыңғайластырылған бұрынғы сауна ғимаратында орналасқан. Қызмет көрсетуші "БелРичи" ЖШС. Мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес қызмет көрсету құны 107,8 миллион теңге. Жоспар бойынша 1150 бала демалыспен қамтылуы тиіс.

Мемлекеттік сатып алу процедуралары қалай жүргізілгендігі төңірегінде мәселе туындауына байланысты менің тарапымнан ҚР Бас прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне тексеру жүргізу жөнінде сауал жолданды", - дейді депутат.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша жақын арада балалар басқа демалыс лагерлеріне жіберіледі. Бұл мәселені депутат өз бақылауына алған. 

Еске салайық, кеше, 17 шілдеде "Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары" санатындағы алматылық мектеп оқушылары балалар лагеріне тегін жолдамалар алды, бірақ сауна ғимаратына орналастырылғаны туралы хабар тарады

Бұл туралы мектеп оқушыларының бірінің туысы Инка Рокеровна Facebook-парақшасында бөлісті. Оқиға Алматы облысы Ұзынағаш ауылында болған. Мұнда жазғы демалысты демалыс орнында өткізу үшін Алматыдан ондаған бала әкелінген. Алайда мектеп оқушылары жайлы жағдайдың орнына тар, желдетілмейтін бөлмелерге орналасқан. Сонымен қатар, лагерь сауна ішінде орналасқан, сыртында өзге ер адамдар жүрген.

Артынша Алматының Білім басқармасы лагерьмен соттасатыны белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!