Қай сала мамандарына 100 пайыз үстемеақы қосылды?

Қай сала мамандарына 100 пайыз үстемеақы қосылды?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

1 шілдеден бастап табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысына 100 пайыз үстемеақы қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанның табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысына 100 пайыз үстемеақы қосылады.

"ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының бұл салада еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті қаулы қабылдады. Құжатта адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс үшін қосымша ақы белгілеу көзделген. Еңбек жағдайлары ерекше құрылымдардың қатарына жануарлар дүниесін қорғау, орманды қорғау және қалпына келтіру, мемлекеттік орман қорғау мамандандырылған ұйымдар жатады", - делінген хабарламада. 

Енді қызметкерлердің орташа жалақысы атқаратын қызметі мен жұмыс өтіліне байланысты 101 мыңнан 320 мың теңгеге дейін өседі.

Жалпы, осы салада 12 876 қызметкердің жалақысы көтеріледі. 

Еске салайық, бұған дейін  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері бұл сала қызметкерлеріне үстемеақы қосылатынын мәлімдеген еді. 

"Еске салайық, жалақы көтеру мәселесі адамның денсаулығы мен өміріне зиян келтіру қаупімен байланысты жұмыскерлерге, яғни мемлекеттік орман күзеті қызметі, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың инспекторларына тағайындалған болатын", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек