Заңгер Астанада ерекше балаларды ұрып-соққан тәрбиеші 5 жылға сотталуын сұрады

Заңгер Астанада ерекше балаларды ұрып-соққан тәрбиеші 5 жылға сотталуын сұрады
Фото: КТК

Астанада емдеу орталығында ерекше балаларды ұрып-соққан тәрбиеші ісіне қатысты сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Айта кетейік, қаңтарда мемлекеттік тапсырыс алып отырған мекемеде ДЦП, психикалық дамуында ауытқуы бар балаларды ұрып, аузына күштеп тамақ тыққан бейнежазба жұрттың жағасын ұстатқан еді. "Балам-ай" орталығындағы сұмдық жайт еліміздегі бүкіл емдеу-сауықтыру орталығында кезектен тыс тексеріс жүргізуге түрткі болған.

"Балам-ай" оңалту орталығында денсаулығында кінәраты бар 3 жеткіншек сондағы қызметкерлерден жәбір көріпті. Алайда алғашқы сот отырысына тек бір баланың анасы қатысты. Енді бірі осы жағдайдан кейін баласын Қытайда емдетіп жатқан көрінеді. Үшіншісі болса, келесі сот отырысына келуге міндеттелді. Жәбірленушінің барлығынан түсініктеме алынбайынша, шешім шықпайды.

Айыпталушы орындығындағы инклюзив орталықтың бұрынғы қызметкері судьядан аты-жөнін жасырып, түрін көрсетпеуді өтінді. Себебі қазірдің өзінде оны айыптап, қоғамда қысым көрсетіп жатқандар бар. Сондай-ақ, ол өзіне тағылып жатқан айыппен келіспей, кінәсін мойындамай отыр.

Жәбірленуші тарап, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген балаларға тәрбиеші етіп, мүгедектігі бар адамды жұмысқа алған орталықтың басшысын да жауапкершілікке тартуды көздеп отыр. Айтуларынша, айыпталушының күйеуі де сонда тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Бірнеше ай бойы қорлық көрген баланың анасы күдікті тіпті кешірім де сұрамағанын айтады.

"Бұл жантүршігерлік жағдай белгілі болғанда бірде-бір рет кешірім сұрамады. Іс сотқа жолданғанда ғана жазбаша кешірім сұрады", - дейді жәбірленуші Галина Николаева.

"Бұл жерде бас бостандығы 5 жылға дейін көрсетілген және айыппұл да көрсетілген. Біз сұрап жатқанымыз әрине, бас бостандығынан айыру. Бірақ оны сот шешеді немесе айыппұл да салынуы мүмкін. Себебі айыпталушының өзінде 2 мүгедек бала бар кәмелеттік жасқа толмаған. Сол себептен болашақта ол да соттың шешімімен жаза тағайындаған кезде әсерін тигізеді", - дейді заңгер Аржан Сәдуақас.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина