Түркістан облысында 10 адамның өмірін қиған жол апатынан тірі қалғандар оқиға туралы айтты

Түркістан облысында 10 адамның өмірін қиған жол апатынан тірі қалғандар оқиға туралы айтты

Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан 10 адам мерт болды. Бәйдібек ауданында жоғары жылдамдықпен келе жатқан үш көлік соқтығысып, 9 адам тірідей өртеніп кеткен. Тағы бір ауыр жарақат алған науқас ота кезінде көз жұмды. Тірі қалған 14 адам қазір ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ірі жол апаты Бәйдібек ауданындағы Екпінді мен Шаян ауылдарының арасындағы жолда таңғы сағат 09:00-де болған. Қос көлік қана сиятын тар жолда Nissan жеңіл көлігі қарсы бағытқа шығып, Созақ ауданынан келе жатқан жолаушылар толы шағын автобуспен бетпе-бет соғылған. Оларға арт жақта келе жатқан тағы бір Toyota соқтығысып, үш көлік те сол мезетте отқа ораныпты.

Өртсөндірушілер жеткенше автокөліктер өртеніп кеткен. 9 адам техниканың ішінен шыға алмай қалған. Тірі қалған 15 жолаушы іргедегі Шаян ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Есін енді жиған 20 жастағы Алуа Созақ ауданынан Шымкентке әке-шешесімен қыдырып шыққанын айтады.

"Қатты жылдамдықта келе жатып ойнақтады жол бойы. Сосын қарама-қарсы көлік келіп қалды да, апат болды. Бірінші спринтерден шықты, сосын барып жеңіл көлікке тиді. Жеңіл көлікте адам болған. Адаммен бірге өртеніп кетті, көз алдымда, иә. Аударылған кезде терезеден шығып кеттім. Екі рет пе аударылды. Көбісі шыға алмады", - дейді Созақ ауданының тұрғыны Алуа Байділдәқызы.
 

Ауруханаға жеткізілгендердің басым көпшілігі Созақ ауданының тұрғындары екен. Таңертеңнен бері облыстан санавиациямен алдырылған 11 маман науқастарға ота жасап жатыр. Көп қан жоғалтқан 49 жастағы тұрғын операция кезінде көз жұмды. Ауыр жарақат алған тағы бірі өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан 5 адамның төртеуі - 6 мен 11 жас аралығындағы балалар.

"Жарақаттардың барлығы негізінде, бас мидың жабық жарақаттары, сүйектердің сынуы, сосын кеуде клеткасына және іш құрылысының жабық соққы жарақаттары", - дейді Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бексұлтан Рысбеков.

Жол апаты болған аумаққа қазір ешкім жіберілмейді. Полицейлер жолды жауып, өзге көліктерді кері қайтарып жатыр. Жол апаты болған соң Екпінді мен Шаян ауылдарының ортасындағы облыстық маңызы бар жолдың 7 шақырымы жабылды. Қазір мұнда облыс пен ауданнан келген анықтаушылар мен тергеушілер жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл жолмен әзірше ешкім жүре алмайды. 

"Алдын ала анықтаған себебі Nissan Х трейл автокөлігі қарсы бағытқа шығып, Volkswagen автокөлігімен соғылысқан", - деді Түркістан облыстық ПД бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев.
 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан