"Молда күйеуім жас қызбен көңіл көтеріп жүр". Имамның әйелі көпшіліктен ақыл сұрады

"Молда күйеуім жас қызбен көңіл көтеріп жүр". Имамның әйелі көпшіліктен ақыл сұрады
Фото: diapazon.kz

Танымал журналист Гүлмира Әбіқай оқырман хатын бөлісті. Оқырман имам күйеуінің басқа әйелмен көңіл жарастырып жүргенін айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

Тележүргізушіге жүгінген әйелдің айтуынша, молда күйеуі әйеліне шариғат жолымен тоқал алуды сұраған.

"Гүлмира апай! Сəлеметсіз бе! Отбасын бұзатын мынадай әйелдерге қандай заң бар? Кішкентайым ауырып өзім əбіржіп жүрсем, менің жолдасыммен түнделетіп кафеде қыдырып жүр. Молда байым жас қызбен көңіл көтеріп жүр. Өтім жарылып, жылап отырмын. Иə. Менің жолдасым - иман жүзді молда. Бар айтатын сөзі - тоқал. Тоқал алу. Шариғат бойынша әйелден рұқсат сұрауға болмайды екен деп білгенін істеп жүре беретініне ашуым келеді. Кеше кешіккен соң видеоқоңыраумен хабарласып едім. Байқамай телефонды көтерді. Сонда қасында қыз отырғанын көрдім. Кафеде көңіл көтеріп, күліп мəз болып отыр. Қыз да отбасылы еркекпен көңіл көтеріп отыра бергеніне таңғалып отырмын. Ұйып отырған отбасын құртып. Бойдақ жігіт қалмағандай. Ана қыздың бірге түскен фотосы да бар. Кəдімгі қарапайым ғана өз-өзін күтіп қалған əйел", - деп жазған әйел.

Имамның әйелі неге ашынатынын айтты. 

"Біздің қоғамның ең осал тұсы - əйел адамының ешбір бағаланбайтыны. Кім жаман, əйелі жаман. Кім кінəлі, əйелі кінəлі. Туасың, оны өзің асырайсың, өзің тəрбиелейсің. Ал еркектер өз білгенімен жүре береді. Үйден қашып, сыртта көңіл көтеріп. Ақыл қосыңызшы, не істеймін?" – деген жазбаны бөлісті журналист.

Желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінген. Бірі тоқал алуды құптаса, екіншісі бұған қарсы пікір қалдырған. 

"Автор тыңдаңыз! Бұл жерде қанша түрлі пікір жазылыпты, біреуі шыда дейді, біреуі қаш депті. Біреуі өзіңді кінәласа, басқасы күйеуіңді кінәлапты. Бақытты адам болғың келсе, әр күніңді жылап өткізгің келмесе, есіңді жиып, дұрыс ойланшы. Күйеуіңнің істеп жүргені дұрыс емес екенін, өте төмен тірлік екенін біліп тұрсың, сондықтан өзіңді қинамашы!" "Күйеуінен көріп тұрған жоқ, қыздардан көріп тұр ғой. Күйеуін тиып алсын да, даладағы қыздарда не шатағы бар? Күйеуі нәпсіқұмар, жеңіл ойлы болса оған көшедегі әйелдердің не кінәсі бар?","Сырттан айтуға оңай! Ашынғаннан жазған болар! Өмірлік қосағым деп сенген ері осылай жасаған соң!Еркекке тым қатты сенім артқанда осылай болады екен! Әйелге одан асқан қорлық жоқ! Дегенімен өмірді өзің үшін сүріп үйрену керек! Балапандарыңа, өзіңе мән беріп өмір сүру керек", - деп жазған олар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек