Жамбыл облысында кәсіпорынның бас бухгалтері 7 миллион теңге жымқырған

Жамбыл облысында кәсіпорынның бас бухгалтері 7 миллион теңге жымқырған
Фото: elements.envato.com

Жамбыл облысында мемлекеттік кәсіпорынның бас бухгалтеріне қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі аудан прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы "Құлан-Энерго Жылу" ШЖҚ КМК бас бухгалтерінің 7 миллион теңге жымқырғанын анықтады. 

Аудан прокуратурасы "Құлан-Энерго Жылу" ШЖҚ КМК қызметіне бюджет қаражатын жұмсау мәселесіне талдау жүргізді. 

Талдау барысында кәсіпорынның бас бухгалтері төлем тапсырмаларымен КМК-ның бюджет қаражатын өзінің карта шоттарына аударғаны анықталды. 

Бұл ретте, өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында төлем тапсырмаларының бағанына тауарлар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметтер үшін төлемдер ретінде төлемнің мақсатын көрсеткен. 

Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне соталды тергеу жүргізу үшін тапсырылды. 

Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданды. 

Аудандық соттың 23 маусымдағы үкімімен кәсіпорынның бас бухгалтері қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, сондай-ақ, коммерциялық және өзге де ұйымдарда 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді. 

Заңсыз аударылған ақша мемлекетке толық көлемде қайтарылды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек