Маңғыстаудың малы мұнайға тұншығып өліп жатыр

Маңғыстаудың малы мұнайға тұншығып өліп жатыр
Фото: видеоскрин

Маңғыстауда далаға төгілген мұнайға төрт түлік түсіп, шығын болып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жетібай ауылынан 15 шақырым жердегі "Шалва" кен орнында осыдан 4 ай бұрын төгілген мұнай әлі сол күйі жатыр. Қара май жерге сіңіп, қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигізуде. Ал, шаруалар қып-қызыл шығынға батты. Себебі, төрт түлік мұнайға батып, өліп жатыр.

"Жануардың бүлінген аумаққа қалай өткені белгісіз. Жергілікті әкімдік өкілдерімен бірге аталған аумаққа барамыз. Жалпы кен орнын игеретін компания анықталды. Біз оларға алдымен мұнай төгілген аумақты залалсыздандыруды міндеттейміз",- дейді Маңғыстау облыстық экология басқармасының басшысы Руслан Түкенов.

Экологтар бұған дейін мұнай төгілген аумақта қара алтынды игеру жұмыстары 2017 жылы тоқтағанын хабарлады. Яғни ұңғыманың иесі жоқ. Ал мұнай ұңғыма дұрыс жабылмағаннан ағып жатыр. Сондықтан бүлінген жерді залалсыздандыру үшін, өзге мұнай компаниясына өтініш жолданып, аумақ қоршалған.

Ал, Жетібай ауылы әкімдігі өлген түйенің иесі әлі анықталмағанын жеткізді.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы