"Күткенімізге 30 жыл болды". Жетісу облысында әлі күнге дейін жарықсыз отырған ауыл бар

"Күткенімізге 30 жыл болды". Жетісу облысында әлі күнге дейін жарықсыз отырған ауыл бар
Фото: elements.envato.com

Жетісу облысында әлі күнге дейін жарықсыз отырған ауыл бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбұлақ елдімекеніне тартылған электр желісі тоқсаныншы жылдары қолды болып кеткен. Содан бері тұрғындар майшам, генератор немесе баламалы қуат өндіретін құрылғыны пайдаланып келеді. 30 жыл бойы өркениеттен ажырап қалған ауылға биыл электр желісі тартыла бастады.  

Зираш Есімбекованың күн энергиясын жинайтын құрылғысы ұялы телефонды қуаттап, бір бөлмені ғана жарықтандыруға жетеді. Сондықтан ол теледидарын қоспайды, тоңазытқыш пен плитаны да пайдаланбайды. Тұтас өркениеттен қағылған тұрғын электр тоғының берілуін тағатсыздана тосып жүр. 

"Тоқ келсе цивилизация болады ғой. Телевизор қосамыз, холодильник қосамыз, сеператор қосамыз. Сиыр сауып, сүт тартып ел қатарлы ауылды жерде тұратын адам құсап сүт клегей жейміз. Әйтпесе кілегейді бүгін тартсаң ертең ашып кетеді. Сүтіңді бүгін саусаң ашып кетеді. Обал", - дейді ауыл тұрғыны Зираш Есімбекова. 

Оншақты отбасы түтінін түтетіп отырған ауылдың өзекті мәселесін кезінде шетелдіктер шешпек болған. 

Телеарна мәліметінше, 2011 жылы елдімекенге оңтүстік кореялық компания күн электр станциясын тарту еткен. Сол кезде ол мемлекет меншігіне қабылдап алынбаған. Бас иесіз нысан небәрі екі жылдай жұмыс істеп, артынша істен шықты. Соның салдарынан ауыл тұрғындары тағы да жарықсыз қалған. Жобаны жүзеге асырған компания станция жанынан ұңғыма қазып, ауылға ауызсу шығарып берген. Қуат көзін өндіретін құрылғы бұзылғалы суағардан тамшы да тамбай тұр.  

"Мына құдықтан су ішеміз. Мына құдықтан мал да, адам да, ит те ішеді. Насосты қосып, екі колонка бар, соны жасау керек. Аудандық әкімдік жарықтандыру жұмыстарына 220 миллион теңгеден аса қаражат бөлді", - дейді ауыл тұрғыны Абдул Хуншиев. 

Тендерді жеңіп алған мердігер мекеме электр желісін ауылға дейін жеткізіп, қазір үйді үйге тоқ тартып жатыр.  

"Жарық күткенімізге отыз жыл болды. Құдайға тәубә, жарық келді. Енді жақсылық қуаныш болсын деп жатырмыз ғой. Рақмет айтамыз", - дейді ауыл тұрғыны Абдолла Көлбаев

Сарыбұлақ пен іргелес жатқан Қазынсу мен Шилісу ауылдарына да көше шамдары орнатылып жатыр. Және кірме жолға жаңадан асфальт төселіп, төрт елді мекеннің көлік қатынасы жақсара түсті.

"Биыл 15 шілдеде жұмыстар толықтай аяқталу жоспарланып жатыр. Сонымен қатар, мердігер тарапынан 15 тірек орнату көше шамдарын орнату жоспарланып жатыр. Жұмыстар толық аяқталғанда электр желісін береміз. Электр желісімен қатар ауыз су жүйесін ұңғымадағы насосты іске қосып беруді жоспарлап отырмыз. Сол кезде тұрғындар ауызсумен электр желісімен қамтылады", - деді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Абылай Орынтай.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек