Атырауда балаларды қинаған тәрбиеші сотталды

Атырауда балаларды қинаған тәрбиеші сотталды
Фото: kievvlast.com.ua/көрнекі сурет

Атырауда балаларды қинаған тәрбиеші 4 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атыраудың №2 сотына сілтеме жасап.

Атыраудың № 2 сотында қинау, яғни "көрінеу кәмелетке толмағандарға қатысты ұдайы ұрып-соғу арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату" дерегі бойынша (ҚК-тің 110-бабы 2-бөлігі 1,2-тармақтары) балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот К.-ның міндетіне 45 минут ішінде жеке-дара ерекше балаларды дағдыларға үйрету, мінез-құлықты оңалту жұмыстары кірген. Ол балалар орталығының арнайы кабинетінде кәмелетке толмағандармен жеке сабақтар өткізу барысында үш кәмелетке толмаған баланы ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қодану әрекеттері арқылы тән зардабын немесе психикалық зардап келтірген.

"Сотталушы К.-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдері, куәлардың айғақтары, сараптама қорытындысы, бейнежазбалар және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады", - делінген сот мәлімдемесінде.

Сот соттылығының жоқтығын, асырауында кәмелетке толмаған баласының болуын ескеріп, К.-ны кінәлі деп тапты. Әйел төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, жәбірленушілердің пайдасына алты миллион теңге моральдық шығын өндірілді.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан