Біздің ағзамызға ыстық қалай әсер етеді?

Біздің ағзамызға ыстық қалай әсер етеді?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Жазда аптап ыстық күндері көпшілік адам өздерін нашар сезінеді. Оларға демалу, қозғалу, және күнделікті міндеттерді орындау қиынға соғады. Мұның бәрі қоршаған ортаның жоғары температурасының ағзаға әсеріне байланысты. Ыстық біздің ағзамызға қалай әсер етеді?

1. Бұлшықеттердің құрысуы

Кейде жоғары температуралы және ылғалды ортада бұлшықеттер құрысып қалады. Ол жиі қатты терлейтін сау, белсенді адамдарда пайда болуы мүмкін. Мысалы: спортшылар. Тер бөліну себебінен ағза ылғал мен калий, магний, натрий секілді электролиттерді жоғалтады. Соның салдарынан бұлшықеттер құрысып қалуы мүмкін. Оны жеңу үшін физикалық белсенділіктен салқындау жерде демалып, тұзды немесе электролиттермен қаныққан су ішу керек.

2. Күн тию

Күн тию - дене қызған кездегі күй. Ол жағымсыз белгілермен қатар жүреді: шаршаңқылық, бас айналу, жоғары тер бөліну, терінің бозаруы, жүрек айну, жоғары дене температурасы. Күн тимес үшін не істеу керегін мына жерден оқыңыз.

3. Жүрек денсаулығына жағымсыз әсер етеді

Дене температурасы арта бастаған кезде жүректің жиырылу жиілігі жиіленеді. Жүрек артық жылу мен қызудан арылу үшін теріні қан құйылуымен қамтамасыз етуге тырысып жылдамырақ соғады. Мұндай артық жүктеме жүрек ұстамасының, инфаркт немесе инсульт себебіне айналуы мүмкін. Қауіп-қатер тобына жүрек-қан тамырлар проблемасы бар адамдар жатады.

4. Бөртпенің пайда болуы

Оны тербөртпе деп те атайды. Ол оның денесіне адам қатты терлей берген кезде шығып кетуі мүмкін. Бөртпе жағымсыздық сыйламауы да мүмкін, бірақ кейде ол қышиды.

5. Тыныс алудың қиындауы

Адамның ағзасы қызып кеткен кезде жылулық күйзеліс пайда болады. 1975 жылы өткізілген зерттеу бойынша, жылулық күйзеліс кезінде тыныс алу мен жүрек жиырылуының жиілігі жиіленіп кетеді. Тыныс алу және қажетті оттегі мөлшерін алу қиындай түседі. Бұл демікпе, бронхит, пневмония секілді аурулардың белгілерін ушықтырып жіберуі мүмкін. Ыстық ауа сау адамдарда да жөтел мен демікпе пайда болуын ынталандыруы мүмкін, себебі ол тыныс алу жолдарын тітіркендіреді.

6. Когнитивті қабілеттердің төмендеуі

2003 жылы АҚШ-та өткен зерттеу бойынша, ыстық когнитивті қабілеттерді төмендетеді. Шамамен 30°C температурада ақыл-ой күшін қажет ететін тапсырмаларды орындау қиынырақ бола түседі. Сондай-ақ ыстықта дұрыс және ойластырылған шешім қабылдау қиын болуы мүмкін. Ыстық адамның физикалық мүмкіндігіне де жағымсыз әсер етеді: 32°C-тан жоғары температурада қозғалыспен байланысты кез келген белсенділікті орындау оңай болмауы мүмкін.

А. Жапатова