Павлодар облысындағы Коряковка көлінен тұзды заңсыз өндіру фактісі расталды

Павлодар облысындағы Коряковка көлінен тұзды заңсыз өндіру фактісі расталды
Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар облысындағы Коряковка көлінен тұзды заңсыз өндіру фактісі расталды. Алайда өнеркәсіптік көлемде өндіру байқалмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Коряковка көлінің кеуіп қалғаны түсірілген бейнеролик пайда болды. Маусым айынан қыркүйекке дейін қызғылт түске боялатын көл Павлодар ауданының Павлодар ауылы жанында орналасқан. Бейнероликтің авторы, блогер Денис Денски су қоймасының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, "көлді біреу арнайы кептіріп, тұз сататын сияқты" деген болжам бар екенін айтқан.

Редакция жолдаған сауал хатқа облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасында аталған жерге мамандар барғанын хабарлады. 

"Тұзды заңсыз өндіру фактісі расталды, бейнероликтегі сипаттама бойынша көрсетілген орын шындыққа сәйкес келеді. Алайда өнеркәсіптік көлемде өндіру байқалмайды, болжам бойынша жергілікті тұрғындар өздерінің қажеттіліктері үшін қарабайыр тәсілдермен (ванналарда) өндірген", – деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ, мемлекеттік орган көлдің қыста қардың аздығынан және еріген судың болмауына байланысты кеуіп қалғанын хабарлады. Айта кету керек, Коряковка көлі табиғи қорек алмайды, яғни көлге өзендер құйылмайды. Мұның бәрі көлдегі су деңгейінің төмендеуіне әкелген.

"Сонымен қатар осы жылы өңірде су циклі төмен, құрғақшылық пен аптап ыстық байқалады. Заңсыз өндірудің жолын кесу үшін аудан әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізеді", - деп толықтырды ведомство.

Бұл кен орнында "Мультисервис" ЖШС-нің тұз өндіру үшін 10 жыл мерзімге берілген тиісті лицензиясы бар. Серіктестіктің өндіру учаскесі заңсыз өндіру орнынан бес шақырым жерде орналасқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан