"Жеті әжемді жаттайын". Қырғыздар секілді тегіне анасының атын жаздыруға қазақтар қалай қарайды?

"Жеті әжемді жаттайын". Қырғыздар секілді тегіне анасының атын жаздыруға қазақтар қалай қарайды?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қырғызстанда кәмелетке толған ел азаматтарына әкесінің орнына анасының атын пайдалануға ресми түрде рұқсат етілгенін жазған болатынбыз. Тиісті шешімді республиканың Конституциялық соты қабылдады. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде қазақтар арасында да қызу талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

@massaget.kz #аружан #бека #қырғыстан #бишкек #фамилия ♬ original sound - Massaget.kz

"Егер ата-анасы ажырасқан болса, бұл жақсы идея", "Өзекті мәселе деп ойлаймын, себебі әкесі әдейі тастап кеткендер, анасына қол көтергендер немесе баласын мойындамайтын еркектер көп", "Мен ауыстыратын едім", "Соңғы кездері заңға әйел адамдарға қолдау көрсету мақсатында өзгеріс еніп жатыр, бұл керемет", "Әкесі тастап, анасымен өскендерге жақсы, танымайтын адамның есімімен жүргенше сені сүйіп өсірген адамның есімі болған жақсы ғой", - деп мұндай заң Қазақстанда ұсынылса, қолдайтынын жазған әлеуметтік желі қолданушылары болды.

Пікір қалдырушылар арасында қалжыңдағандар да болды:

"Қой барып жеті әжемді жаттайын", "Мамасының баласы", "Онда "Ф.И.О" емес, "Ф.И.М" бола ма", "Әке чаттан шығып кетті" және т.б.

Сондай-ақ Қазақстанда мұндай заң ұсынылса, түбегейлі қарсы болатынын жазғандар да көп болды.

"Ата-тегімізде шежіре деген қазына бар еді. Сол қазынамыздан да айырылайын деп тұрмыз", "Бұл тектілікті құртады", "Қазақта мұндай болмаған, тектілігін жоғалтады", "Тегін ұмытқан адам өзін ұмытады", "Басқалар жасай берсін, бізге ондай заң керек емес" және т.б.

Massaget.kz тілшісі бұл мәселе жайлы этнограф Болат Бопайұлының пікірін білді.

"Қазақ дәстүрінде балаға ат қою өте маңызды дәстүр. Ұл - мен қыздың атын әкесінің атымен атау әлмисақтан келе жатқан қазақ халқының мызғымас сенімі. Арысы Адам ата, Хауа анадан басталған. Ешқашан бала аты ана атымен аталмаған. Сондықтан қазақтың жеті атадан қыз алыспау дәстүрі бес мың жылдан да ұзақ сақталған. Қазақтың тектілік дәстүрінің алтын діңгегі - жеті ата дәстүрі. "Жеті атасын білген ұл, жеті рудың қамын жер", "Жеті атасын білмеген жетесіздік белгісі" , "Дәстүр жолы - ата жолы" деген аталы сөздің түбінде нар түйедей ойсыл ой шөгіп жатыр. Сондықтан Қырғыз бала атын ана атына ауыстырыпты деп біз ежелден қалыптасқан ата дәстүріміз бен ата заңымызды өзгерте беруге болмайды. Ол баланың ойыншығы емес, көрінгенге еліктеп өзгерте берсек, онда ұлтымыздың барлық ұлы құндылықтарынан айырылып, ұлт болып өмір сүруден қаламыз ғой.
Әке - асқар тау,
Шеше - саялы орман,
Бал - бал бұлақ, - деген қасиетті ұғымды жоғалтып аламыз. Тектіліктен айырыламыз. Сондықтан бала атын ана атымен атау бірауыз сөзбен айтқанда дұрыс емес", - деді этнограф.

А. Жапатова