Астаналық басқарма Бауыржан Байбектің әкесіне салынған айыппұлға түсінік берді

БАҚ беттерінде Қыдырғали Байбектің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы қызу талқыланып жатыр. Осы жағдай бойынша Астананың орта сапасы және бақылау басқармасы түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін тексерулер жүргізу және әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы органдары жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жүргізеді. МИБ өтініші негізінде Байбек Қыдырғали Мұқаметәмірұлына қатысты мемлекеттік органмен келісілмеген қайта жабдықтау және кіру тобын қайта құру фактісі бойынша стандартты тексеру жүргізілді. Сот шешімімен 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кету керек, биыл қала бойынша осыған ұқсас өтініштер негізінде жүргізілген тексерулердің нәтижесіне сәйкес қала тұрғындарына 266 айыппұл салынды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою жөнінде 101 ұйғарым берілді. Мұндай тексерулер тұрақты негізде жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша көптеген бұзушылықтар анықталады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Астананың Әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Алматы қаласының экс-әкімі, "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке қатысты үкім шығарды.

Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбек кінәлі деп танылды.

Оған лицензиясыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқаны үшін 51 мың 750 теңге айыппұл салынды

Ал оның алдында Бауыржан Байбектің әкесіне сотта бірден екі айып тағылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!