Есірткі сатты деген күдікпен Германиядан экстрадицияланған жігіт босқындар лагерінде жасырынған

Есірткі сатты деген күдікпен Германиядан экстрадицияланған жігіт босқындар лагерінде жасырынған

Есірткі сатты деген күдікпен Германиядан экстрадицияланған жігіт босқындардың лагерінде жасырынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокуратураның хабарына қарағанда, Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін іздеуде жүрген азаматты экстрадициялау туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды.

Күдікті қылмысты 2020 жылы елордада жасаған, содан кейін ол қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалағандықтан, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады.

Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін ол 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал Астана полициясының мәліметінше, ер адам Германиядағы босқындар лагерінен табылған. Еуропаға жету үшін іздеуде жүрген азамат төрт мемлекетті кесіп өткен.

"Қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген астана тұрғыны 2021 жылдың сәуір айынан бері іздеуде болған. Оның бұрын Өзбекстанға тұрақты рейспен ұшқаны, ол жерден Қырғызстанға өтіп, Анталия қаласына ұшқаны анықталды. Кейінірек қазақстандық Украина шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Германия аумағына босқын мәртебесін алып өткен", - деп хабарлады полиция.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан