"ҚазМұнайГаз" төрағасы мен энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды

"ҚазМұнайГаз" төрағасы мен энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды
Фото: kmg.kz

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған баяндамасында батыс өңірінің энергетика жүйесінің жай-күйіне жасалған ауқымды талдау нәтижесінде энергетика кәсіпорындарының жұмысында бірқатар кемшілік жіберілгені анықталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұдан бөлек, Энергетика министрлігінің, КEGOC АҚ, "МАЭК" ЖШС және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ жұмысында олқылықтар бар екені мәлім болды.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сөгіс беріледі. Бұдан бөлек, батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамағаны үшін энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жариялау жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ, "МАЭК" ЖШС, АМӨЗ, KEGOC АҚ басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.

Айта кетейік, бұған дейін Смайылов Тоқаевқа МАЭК пен АМӨЗ-дегі апаттарды тексеру нәтижесін баяндаған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова