Маңғыстау облысында кен орнындағы өрт бір айдан бері ауыздықталған жоқ

Маңғыстау облысында "Оңтүстік Қаратұрын" кенорнындағы мұнай ұңғымасынан шыққан өрттің тұтанғанына 1 айдан асты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше оқиға 9 маусымда басталды. Ақтаудан 277 шақырым жердегі кен орнында, "Бузачи Нефть" ЖШС-не тиесілі бұрғылау ұңғымаларының бірін жөндеу кезінде өрт шыққан. Мамандардың айтуынша, бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылап, өртке ұласқан. Салдарынан 1 жұмысшы зардап шекті. Оған медициналық көмек көрсетілді.

Фонтан болып атқылаған жалынның биіктігі 10 метрге жетті. Өртті ауыздықтау үшін 20-ға жуық техника мен 100-ден аса қызметкер жұмылдырылды. Алайда мамандар қызыл жалынды ауыздықтай алмады. Өйткені ұңғыманың айналасында диаметрі 15 метр, тереңдігі 3 метрге дейін шұңқыр пайда болған. Соған байланысты арнайы өрт сөндіру жабдығын жақындату мүмкін болмай қалды.

Осы оқиғаға байланысты жедел штаб құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, энергетика министрлігінің өкілдері, құзырлы орған басшылары және сала ардагерлері жиналып, апатты жоюдың түрлі нұсқаларын талқылады.

"Бізде техника да, күшіміз де жеткілікті. Бірақ тап осындай өртті өшіруде тәжірибесі мен қажет құрал-жабдықтары бар компания болса шақырайық. Ұңғымаға түсетін газ қорының көлемі мен қысымын анықтау қажет. Содан соң, жедел жоспар әзірлеп, шаралар қабылдау үшін барлық мердігерлер мен жауапты мамандар қатысуға тиіс", - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Мамандар апатты жоюдың жоспарын әзірледі. Сол жоспарға сәйкес, жанып жатқан ұңғымаға көлбеу бағытталған екінші ұңғыма салынатын болды. Ол үшін жеке техникалық жоба дайындалды.

"Бұрғылау жұмыстары 15-20 күнге жалғасады. Болғаннан кейін соның қасынан цементтен ауыр қоспа жіберіп, аталған аварияны жою жоспарланып жатыр. Құрылғының барлығы жерге түсіп кеткен соң, қазір өртті сөндіру мүмкін емес. Ол ауаға таралса өте қауіпті. Қандай да бір от көзі тиген жағдайда жарылыс болуы мүмкін. Сол себепті осындай шешім қабылданып отыр", - дейді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов.

Бұрғылау жұмыстары осы аптада басталуға тиіс. Аумақта 2 бұрғылау алаңының құрылысы аяқталған. Оларға құрал-жабдықтар орнатылған соң, мамандар мұнай ұңғымасы жанынан көлденең қазу жұмыстарына кіріседі. Бұдан кейін ұңғыманы бітейтін арнайы қоспа жіберілмек.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!