"Газға көшу керек" - экологтар көгілдір отынның маңыздылығын түсіндірді

Қазақстанның көптеген қалаларында ауаның ластану дәрежесі жыл сайын артып келеді. Егер Астана кейде желдің арқасында "тыныстап алса", Алматы көп жағдайда түтіннің қалың күмбезінің астында болады. Ауа бассейнінің қолайсыз жағдайына жеке сектор да өз үлесін қосады: кейде үйлердің тұрғындары пешке әртүрлі қоқыстарды жағатыны жасырын емес. Көмір де әрқашан сапалы бола бермейді. Мегаполистердің тұрғын үй массивін газдандыру жағдайды ішінара түзете алады. Tengrinews.kz тілшілері осы мәселе бойынша сарапшылардың пікірін зерттеуге шешім қабылдады.

Мәселе

Жақында Экология министрі Зульфия Сүлейменова Алматы мен Астанадағы ауаның ластану проблемасы туралы айтып берген еді:

"Өкінішке орай, Астанада ауаның теріс көрсеткіштері тұрақты сақталуда. Қолайсыз метеорологиялық жағдайларда ластаушы заттар әдетте жер қабатына жақын шөгеді және сәйкесінше ауа сапасы төмендейді. Біз қарастырған зерттеулер мен деректер бойынша Астана мен Алматыда, әсіресе, PM2.5 бірліктерінде жағдайдың айтарлықтай нашарлауы (диаметрі 2,5 микрометрден аспайтын, кәдімгі бетпердеден өтіп кететін шаңның ұсақ бөлшектері - ескерту) жылуды қоса алғанда, ЖЭО жұмыс істеп тұрған қыс мезгілінде байқалады. PM2. 5-деңгей бірден масштабтан шыға бастайды".

Астана туралы айтатын болсақ, ауаның ластануы қазаннан сәуір айының соңына дейін жылыту маусымы кезінде байқалды. Мұны көптеген экологтар да айтып отыр. Мысалы, Тәжірибе жасаушы экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова көмір жанғанда бөлінетін өнімдердің ауа тазалығына қаншалықты әсер ететіндігі туралы айтты.

"Мен Қостанай мен Атырауды жиі мысалға келтіремін. Онда сіз түтінді көре алмайсыз, өйткені олардың ЖЭО газға қосылған және қала ішінде жеке сектор орталық газ есебінен жылытылады. Елордалық ЖЭО туралы айтатын болсақ, ЖЭО-2-дегі сегіз су жылыту қазандығы газбен жылытуға көшірілді. Айта кету керек, ол қаланың шетінде желдің ұйтқуын ескере отырып салынған. Яғни, түтіннің бәрі қала ішіндегі нысандардан тарайды деген сөз. Иә, өзіңіз ойлап тұрғандай, оның негізгі көзі - көмір жағу. Соның ішінде бізде күлі көп шығатын көмір жағылады. Мұндай көмірдің күл шығару көрсеткіші 42 пайызды құрайды. Мұндай көмірді тіпті шетелде ешкім сатып алмайды. Ал біз оны өзіміз қолданамыз. Шамамен айтқанда, егер бір тонна көмір жағылса, одан 420 килограмм күл қалады, оның бір бөлігі ауаға бөлінеді. Содан кейін ол РМ2.5 ұсақ бөлшектеріне айналады. Қаланы жайлаған түтіннің де, одан туындайтын тыныс алу органдарының ауруларының себебі де осы бөлшектер. PM2. 5 дегеніміз – сол бізге сезілетін және көзімізге көрінетін нәрсе.

Түтіннің көп тарауына көліктер себеп болуы мүмкін деген көптеген пікірлер де болды. Бірақ зерттеу сияқты, бұл пікірлер де біржақты болуы мүмкін. Біріншіден, біз әртүрлі заттарды бірге қоса алмаймыз. Яғни, азот оксидтерін ауадағы бөлшектерге қосып, оларды тек саны бойынша салыстыруға келмейді. Өйткені әр заттың өзінің шекті деңгейі, адам ағзасына тигізетін әсері бар. Азот оксидінің әсері PM2.5-пен бірдей емес. Екіншіден, жоғарыда айтқанымдай, мәселе жылыту кезеңінде асқына түседі", - деді Лаура Маликова бұған дейін ауаның ластануы туралы айтқан сөзінде.

Астананың үстіндегі түтін негізінен қыс мезгілінде желсіз уақытта байқалса, Алматыдағы жағдай әлдеқайда күрделі.

"Табиғи ресурстар өндірілетін өндірістік қалалардан немесе аймақтардан бір айырмашылығы – бізде кәсіпорындар жоқ. Біздегі ауаны ластаудың негізгі қайнар көзі – автомобильдер мен қоғамдық көліктер және жеке сектор. Сондай-ақ, ауаны ластаудың тағы бір үлкен көзі ЖЭО және бірқатар шағын қазандықтар болып табылады. Алматыда орталық газ жүйесіне қосылмаған жеке сектордағы тұрғын үйлер өте көп. Көбінесе адамдардың газға қосылу үшін ақы төлеуге мүмкіндігі бола бермейді, - деп түсіндіреді мегаполистегі жағдайды Eco Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов. – Мәдениеттілік деңгейі мен қоршаған ортаға деген көзқарас, негізінен, қоғамда әлі де өте төмен. Егер пешті көлік дөңгелектерімен жақса, арзанға түседі. Маған айтулары бойынша, оның жылуы да күшті, сондықтан монша жаққанда пайдаланады. Дөңгелектерді табу аса қиын емес, тегін алады. Бірақ олар айналасындағы адамдар туралы ойламайды да. Мысалы, демалыс күндері көптеген адамдар монша жаққанда, Алматыда ауа күрт нашарлайды. Қыста да, жазда да солай. Мұндай жағдайда дәрі-дәрмек көмектеспейді. Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді тәсілдер қажет".

Мәселені шешу жолдары

Пеш жаққаннан ауаның ластануы мәселесін шешуге көмектесудің бір жолы – газдандыру. Астананы газдандыру туралы келіссөздер 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді. Нәтижесінде "Сарыарқа" магистральдық газ құбыры салынды. 2019 жылдың аяғында газ құбыры Астанаға жеткізілді. Осыдан кейін әкімдік қала ішінде газ тарату желілерін жүргізу жұмыстарын бастады. Алғашқы жеке үйлер табиғи газ желісіне 2020 жылы қосылды. 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтарына дейін орталық газ жүйесіне 8 мыңға жуық абонент қосылды. Президенттің айтуынша, бұл жеткіліксіз. Өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев газдандыру жұмыстарының қарқынының төмен болу себептерінің бірі үйге газ өткізу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының қымбат болуында екенін атап айтты.

Сонымен қатар, Алматының даму бағдарламасына сәйкес, "ҚазТрансГаз" АҚ-ның 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша Алматы аумағында 23,2 шақырым тарату газ құбырларын салу жоспарланған, бұл 355 тұрғын үйдің газ желісіне қосылуын қамтамасыз етеді. Газдандырылмаған үйлерді желіге қосу түрлі қолдау тетіктері арқылы шешілмек: демеушілік жобалар есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 152 үйді газ желісіне қосуға болады. "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша Алматы агломерациясының іргелес аудандарында болашақта жақын маңдағы 25 елді мекенді желіге қосу мақсатында газ құбырларын салу көзделген.

Сондай-ақ, Алматының алдағы жылдарға арналған даму бағдарламасы егжей-тегжейлі жазылған құжатта 2021 жылы ЖЭО-2 нақты жалпы шығарындылары 36 мың тоннаны құрағаны айтылған.

"2024 жылға дейін көмірмен жағылатын 1 қазандық пайдаланудан шығарылады, бұл шығарындылардың жылына 4,5 мың тоннаға төмендеуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге жылына 830 тоннаға жуық шығарындылары бар 1 газ блогы пайдалануға беріледі. Жалпы, 2025 жылы ЖЭО-2 шығарындылары жылына шамамен 3,7 мың тоннаны құрайды. Кейін кезең-кезеңімен 3 газоблокты (6 турбина) пайдалануға беру 2030 жылы шығарындыларды жылына 2,5 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді", - делінген құжатта.

Евгений Мұхамеджанов мегаполистегі ауаның ластану проблемасын кешенді түрде шешу керек деп санайды.

"Мемлекет деңгейінде бірінші кезекте дөңгелектердің еркін айналымда пайда болуын тоқтату керек. Олар ешқашан "айналым ыдысы" жүйесін немесе "кепіл ыдысы" деп аталатын жүйені қалыптастыра алған жоқ. Сіз дөңгелекті сатып алғанда, бәрібір қандай да бір көлемде ақша төлейсіз. Мысалы, дөңгелек үшін үстіне 20 000 теңге қосып төледіңіз. Содан кейін оларды қайта өңдеуге тапсырғаныңыз үшін, мысалы, сізге 10 000 теңгесі қайтарылады, ал қалған 10 000-ы тікелей қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорынға барады. Ал 10 000 теңгеге адам уақыт жұмсап, шинаны қайта өңдеуге әкеліп, пешке лақтырып немесе өртеп жібермейді. Ең бастысы, оны тапсыратын орындар саны жеткілікті болғаны дұрыс.

Бұдан бөлек, біз қоғамның мәдениетін көтеруге көп қаражат салу керек екенін, соның ішінде бәріміз бір қоғамда өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Бұны бір деп қойыңыз. Екінші - көршіңіздің не болса соны жағып жатқанын көргенде, азаматтық белсенділікті арттыру қажет. Біріншіден, сіз бұған назар аудару керек екенін түсінуіңіз үшін. Егер адам бұл ісі үшін жазаланса, келесі жолы ол мұны қайталамайды. Басқаша айтқанда, бұл процесті бақылау үшін құқықтық аспектілер қажет.

Әрине, бұл жерде бизнестің жауапкершілігі маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда Halyk Bank Алматы мен Астанада 200-ден астам үйді газға қосуды қаржыландыратыны, әрине, үлкен үлес. Сондай-ақ бұл өздерін прогрессивті, саналы деп санайтын барлық басқа бизнес құрылымдарына олардың да газдандыру ісіне қатыса алатындығы туралы сигнал болмақ. Мұндай үйлер саны миллиондап саналмайды ғой. Егер әрбір бизнес өздерінің тарапынан осындай бір реттік үлес қосса, оның әсері басқаларға да сезілер еді. Үйлерін өз есебінен газдандыруға мүмкіндігі жоқ адамдарды біз көптеп-көлемдеп газ желісіне қоса алар едік. Ал оның нәтижесін алдағы қыста-ақ көреміз", - дейді экобелсенді.

"Біз экологияның денсаулыққа әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына көз салсақ, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу аурулары көш бастап тұр. Және олар көмір жағылмайтын аймақтардың орташа статистикасынан әлдеқайда жоғары. Бұл жерде денсаулық пен ауа сапасы арасында тікелей байланыс бар. Сондықтан біздің басты міндетіміз - бүкіл қаланы газбен қамтамасыз ету (Астана – ред.). Жеке секторды ғана емес, сонымен қатар бизнес саласын да. Кейбір қонақүйлер, моншалар, мейрамханалар, автономды түрде жылытылатын және әрдайым сұйытылған газбен жылытылмайтын кәуапханалар бар. Олар орталық газ жүйесіне ауысуы керек. Бұл олардың жұмыс жасауы үшін қойылатын міндетті шарт болуы керек", - деп қосты Лаура Маликова.

Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.

Серіктестік материал