"Еститін құлақ жоқ". Спортшы Бекзат Жортанов Маңғыстау облысы Спорт басқармасын сынға алды

"Еститін құлақ жоқ". Спортшы Бекзат Жортанов Маңғыстау облысы Спорт басқармасын сынға алды
Фото: Instagram

Еркін күрестен спорт шебері, автоблогер Бекзат Жортанов Маңғыстау облысында еркін күрес неліктен дамымай жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында Маңғыстау облыстық күрес бойынша мамандандырылған резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің қазіргі жағдайын көрсеткен. Видеодан үгітіліп тұрған қабырғалар, су ақпайтын жуынатын бөлмелер, төбесі түсіп тұрған киім ауыстыратын орындар көрінеді.

"2000 жылдан бері залдың жағдайы бір қалып. Жуынатындардың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Киім шешетін жердің орны - мынау. Баяғы СССР-ский гирлерден басқа дым жоқ. 4-киім ауыстыратын бөлме. Біреудің басына түссе, кім жауап береді? Бес жыл бұрын көрдім, әлі солай. Жарықтың біреуі жанады, екеуі жанбайды. ...Маңғыстау облысының спорт басқармасы "еркін күрес неге дамымайды?" дейді. Мынадай жағдаймен қалай дамиды? Кеше де ата-аналар арыз-шағым айтып жатыр. "Баламыз дайындыққа келсе, кіргізбейді" дейді. Неге кіргізбейді? Үкіметтікі ғой. Сатып алған жерің емес қой. Қартамағанбетов мырза, өзің осы залды көрдің. Енді соны дамытуға үлес қоспасқа? Төрт жарысқа келдім, сізді көрген жоқпын. Сізге қаржы бөлінбей де жатқан шығар. Бірақ қолға алу керек" - дейді спортшы видеода. 

Видеодан алынған кадр

Бекзаттың айтуынша, өзі де спорттан алыс емес. Бірнеше жыл өңірдің намысын қорғап, кейін Оңтүстік Қазақстан облысына ауысқан.

"Еркін күреспен 13 жылдан бері аса айналысамын. Маңғыстау облысының намысын қорғадым. Жасөспірімдер арасында 8 дүркін облыс чемпионы болдым. 16 жасымда Оңтүстік Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған Б.Саттарханов атындағы спорт интернатына түстім. Себебі Маңғыстау облысында ешқандай прогресс болмағаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап келдім. Жастар арасында күресіп, кейін иығымнан жарақат алдым. Содан кейін спортты қойып кеттім", - дейді ол.

Блогер өңірдің Спорт басқармасына көңілі толмайтынын, 20 жыл ішінде спортқа қатысты жаңашылдықтар болмағанын ашық айтты.

"Еркін күрес туралы Instagram-парақшамда көрсеттім. 2000 жылдан 2023 жылға дейін 23 жыл бойы сол тұрған кілем, сол тұрған зал, тренажер станоктары бір қалып, ешқандай өзгеріс жоқ. Жуынатын жерлерінің, киім ауыстыратын бөлмелерінің түрі анау, ешқандай жағдай жоқ. Облыстық чемпионаттар өтетін кезде көрермендерге, ата-аналарға ешқандай жағдай жасалмаған. Қазір жаз мезгілі. Ешқандай салқындатқыш жүйесі жоқ. Еркін күрес неге дамымай жатыр? Ақтөбе облысына қарасақ, қатты дамып кеткен. Маңғыстау облысында спорттың арасында дамып жатқан - тек бокс. Себебі еркін күрес ауыр атлетикаға жақын. Физикалық тұрғыда үлкен станоктар керек, үлкен дайындық. Видеода қарасаңыз, тек екі гир, бір штанга тұр. Мыңнан аса бала жаттығатын шығар, бірақ жас балдар жағдай жасалмағанын көріп, басқа спортқа кетіп жатады. Облысаралық жасөспірімдер арасында төрт рет жарысқа бардық, ешқандай директорды көрген жоқпын. Видеоны салғаннан кейін Еркін күрес басқармасы хабарласпады, ешкім жауап бермеді. Бәрін видеода белгіледім. Маңғыстау облысының спорт басқармасын белгіледім. Сол видеодан кейін ешқандай жауап алмадық. Еркін күрес жанашыры ретінде бардық. Бизнес саласында жүргендіктен, жастарға да аздаған қаржылық болсын, басқалай болсын қолдау көрсетеміз. ...Директордан сұхбат алайын десем жауап жоқ", -  деп жазды ол.

Блогер қазір Ұлыбританияда қырыққабат теріп жүрген спортшы Ильдар Ягяевке қатысты да пікір білдірді.

"Ешқандай қолдау болмағаннан кейін басқа елге барып, спортты тастап кетеді. Еркін күрес дамымай жатқаны - ешқандай жағдай жасалмағаны. Видео ешқандай ауадан алынбаған. Спортзалда жүрген жасөспірімдермен жеке сөйлескен кезде осындай үндеулерін айтты. Еститін құлақ жоқ", - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін боксшы Еркебұлан Шынәлиев Бейжің олимпиадасы кезінде уәде етілген үй берілмегенін айтқаны хабарланған еді. 

"Бәрі сөйтіп ойлайды, бәрі сөйтіп сенеді. Телеарналарды шақырды. 2008 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысының "Жыл спортшысы" атандым. Үлкен іс-шара өтті. Сөйтіп, екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бірақ бәрі көзбояушылық десем болады", - деген еді ол.

Сондай-ақ, ақтаулық рекордшы Ильдар Ягьяев Ұлыбританияда қырыққабат теріп жүр. Ол да мұның себебін өңірлік спортқа наразылығына байланыстырды.

"10 жылдан бері стритлифтинг пен стритворкаутпен айналысамын. Қазір де спортпен айналысамын. Ал Англияға ақша табу үшін, отбасымды қамтамасыз ету үшін келдім. Облыстық спорт басқармасы да, қалалық басқарма да осы уақытқа дейін бізді ешқашан құттықтамады, ешқайда шақырмады, назар аударған жоқ. Осы әділетсіздік әбден тойдырды. Отбасыма нан табу үшін елден кеттім. Негізгі себеп - бұл Маңғыстау облыстық спорт басқармасының әділетсіз қарым қатынасы. Отанымда тұрып, пайда әкелгім келді, өкінішке қарай, Англияда қырыққабат жинауға мәжбүрмін", - дейді ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова