"10 жыл пәтерде тұрдым". Боксшы Еркебұлан Шынәлиевке Бейжің олимпиадасы кезінде уәде етілген үй берілмеген

"10 жыл пәтерде тұрдым". Боксшы Еркебұлан Шынәлиевке Бейжің олимпиадасы кезінде уәде етілген үй берілмеген
Фото: видеодан алынған кадр

Боксшы Еркебұлан Шынәлиев "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Бейжің олимпиадасында жүлдегер атанғаннан кейін уәде етілген пәтер берілмегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Спортшының сөзінше, 10 жыл бойы пәтер жағалап жүрген.

"Бәрі сөйтіп ойлайды, бәрі сөйтіп сенеді. Телеарналарды шақырды. 2008 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысының "Жыл спортшысы" атандым. Үлкен іс-шара өтті. Сөйтіп, екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бірақ бәрі көзбояушылық десем болады. Үйге дейін апарып көрсетті. Нұрсәт мөлтекауданы енді құрылып, салынып жатқан. Екі-үш айдан кейін "пәтер аласың" деп, 1,5 миллион теңге берді. Ол кезде бір бөлмелі пәтердің өзі 7-8 миллион теңге тұратын. 2008-2009 жылдың басында. Не істейміз енді, бергенін алып, "бас аман болсын, талай пәтерді аламыз" деп өз-өзімді жұбатып қойған жағдайымыз бар. Ешнәрсе алмадым. Іс жүзінде "алынды, берілді" деді. Бірақ пәтер алмадым. 10 жылдан асып кетті. Шымкентте отбасыммен бүкіл ауданда пәтерде тұрып шыққан шығармын. Қазір әке-шешемнің қолында ең кішкентай інім бар, сол үй жақта тұрамыз. Қаладан шаршадым, пәтерден-пәтерге. 20 шақты аудан бар шығар, соның бәрінде айына 80 мыңға, 100 мыңға, 60 мыңға тұрып шықтық", - дейді ол.

Айта кетейік, Еркебұлан Шыналиев - қазақстандық боксшы. 81 келі салмақта сынға түскен.

2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Осы жетістігін бір жылдан соң Жазғы олимпиада ойындарында қайталады. 2008 жылы 29 тамызда "Құрмет" орденімен марапатталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова