"Полиция қолынан түк келмейді". Алматы тұрғындары мопед жүргізушілеріне наразылық білдірді.

Бостандық ауданының тұрғындары қала әкімімен кездесуде тротуармен жүретін мопед жүргізушілерінен келетін қауіптің көп екенін жеткізді. "Полиция түк істемейді" деген тұрғындар әкімнен араша сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз мопед жүргізушілерінен жолмен жүруді сұраймыз. Алайда ешқайсысы бізге пысқырып та қарамайды. Тротуармен жайбарақат келе жатқан жандардың сигнал беріп зәресін алады. Біз тәртіп сақшыларына қанша айтсақ та, қолынан түк келмейді" - деп арызын білдірді.

Ал қала әкімі бұл мәселе бүкіл қазақстанда өршіп тұрғанын айтты. "Мопедтермен жүретіндердің көбі тасымалдау қызметінде жұмыс жасайтын жастар. Олар тапсырысты уақытында орындау үшін кез келген ережені бұзуға даяр" деген әкім мәселені күзге дейін толық шешуге тырысатынын жеткізді.   

"Біз электросамокаттарға қатысты заң жобасын мақұлдадық. Ендігі кезекте электромопед пен 50 куб/см-ге дейінгі қозғалтқышы бар қозғалыс құралдарына қатысты жаңа заң жобасын мақұлдауымыз керек. Себебі бұл екі құрылғылар көлік құралдарына жатпайды. Заң жобасын мақұлдаған жағдайда полиция қызметкерлері тарапынан оларға арнайы шара қолдануға мүмкіндік болады" - деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік бұған дейін мәжілісте электрсамокаттарды көлік құралы ретінде танылып, маусым айында Сенат электрсамокаттарға қатысты заң жобасын мақұлдаған болатын.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!