Шүменовтің жанжалы: балалар омбудсмені Зәкиева ІІМ-не жүгінді

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Астанадағы фудкорттардың бірінде балалы ер адаммен төбелескен Бейбіт Шүменовтің жауапкершілікке тартылуын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Динара Зәкиева Facebook-парақшасында бөлісті. 

"ІІМ-не қылмыстық әрекет жасаған тұлғаның өз іс-әрекетімен жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін ескеру қажеттілігі туралы жүгіндім. Баланың қауіпсіздігіне қауіп төну дерегі әлеуметтік желілерде жарияланған бейне кадрлармен расталады. Сол себепті бұл жағдайда тұлғаны ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы "Қорқыту" бойынша жауапкершілікке тарту туралы жүгіндім. Қолданыстағы заңнамада баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туғызу үшін жауапкершілікті көздейтін бап жоқ. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға дайындалған өзгерістер блогына тиіс ұсыныс енгізетін боламын. Жалпы, кез келген жағдайда біз, ересектер, балалар туралы ойлауымыз керек деп санаймын", - дейді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы ірі сауда және ойын-сауық орталығының фудкортында төбелес болып, қолында кішкентай баласы бар адамға екінші ер адам шабуыл жасағаны хабарланған еді. Telegram-арналардың бірінің мәліметінше, төбелеске қатысушылардың бірі - қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов.

Кейінірек полиция осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ал ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сұнтаев Астанадағы кафеде ер адаммен төбелескен адам боксшы Бейбіт Шүменов екенін растады. 

Жары - америкалық. Бейбіт Шүменов туралы не белгілі?

Кейін боксшы Бейбіт Шүменов өз әрекетін түсіндірді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!