"Ауруханада жатқан". Ақмола облысында 6 күн бұрын із-түзсіз жоғалған әйел табылды

Ақмола облысында 6 күн бұрын із-түзсіз жоғалған әйел табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Полиция қызметкерлері әйелді бірнеше күн бойы іздеген, нәтижесінде оны Көкшетау қаласындағы ауруханалардың бірінен тапты.

9 шілдеде Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан 5 шілдеде 44 жастағы қайын енесінің үйден шығып кетіп, қайта оралмағаны, яғни оның орналасқан жері ешкімге белгісіз екені туралы телефон хабарламасы келіп түскен.

Тәртіп сақшылары облыстың және қаланың барлық ауданына жоғалған әйелдің суреті бар бағдарларды жолдады. Ақмола полиция қызметкерлері оның баруы мүмкін деген барлық жерді мұқият тексерді және оны іздеуді жалғастырды. Көршілер мен таныстардан жауап алынды.

Нәтижесінде 11 шілдеде ол ауруханаға жатқызылуы керек екені белгілі болды, өйткені оның жүрегі ауыра бастаған. Полиция қызметкерлері дереу қала ауруханаларының қабылдау бөлмелеріне хабарласып, әйелдің жоғалған сәттен бастап ауруханада жатқанын білді.

Айта кетейік, әйелдің жоғалғаны туралы арыз түскеннен кейін полиция мәйітхананы тексеріп, қаланың барлық қабылдау бөліміне қоңырау шалған.

Кейін әйел шұғыл түрде кардиология бөліміне жатқызылғаны және ауруханаға түскендердің тізіміне енгізілмегені белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!