Тоқаев интернет сапасын сынады, ал Мусин қазақстандықтарды кінәлады

Бүгін Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев интернет сапасын сынға алып, жауапты министрліктен мәселенің мән-жайын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министр Бағдат Мусиннің мәліметінше, бас қалада интернет жылдамдығы баяу 67 орын бар. Ал сол маңдағы тұрғындар үйлерінің шатырына станса орнатуға қорқады.

"Жергілікті әкімдік 60 тұрғын үйге түсіндіру жұмысын жүргізуге көмектесті. Бүгінде 33 үйдің шатырына базалық станса орнатуға келістік, бесеуіне құрылғы орнатылды, алтауы орнатылып, қалғанымен келісімшарт әзірленіп жатыр. 28 үймен 3 айдан бері жұмыс істеп келеміз, олар келісім бермей отыр. Тұрғындарға стансаның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ екенін түсіндіре алмай қойдық", - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Ол заңға сай, тұрғын үй төбесіне тұрғындар базалық станса орнатуға қарсылық білдірсе, онда құрылғы алынып тасталатынын жеткізді. Жыл сайын осындай 150 станция алынады.

Осындай проблемалардан соң заңға өзгертулер енгізу жоспарланып отыр. Тұрғындардың 50 пайызы станса орнатуға қарсы болса, ол алынады.

"Екінші мәселе – тарифтердің төмендігі. Біздің тұрғындар интернетте көп отырады, тиісінше ол жүйеге көп салмақ салады. Мысалы, шетелдіктер қандай да бір материалды ашпас бұрын, "Бұл мен үшін пайдалы ма, жоқ па?" деп ойланады. Өйткені оны ашса, мегабайты кетеді", - деп түсіндірді министр.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!