"Саусағы екіге бөлініп қалды". Астанада ойын алаңында әткеншек сынып, бала жарақат алған

Астанада ойын алаңында әткеншек сынып, бала саусағын сындырып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл ақпарат жергілікті Telegram-арналардың бірінде тарады.

"Есенберлина 23-тің дворындағы качеля сынып, баламның саусағы екіге бөлініп қалды. Кск Акимат детский площадкаға кішкене болсын көңіл бөлсе екен", - деп жазылған  әлеуметтік желідегі хабарламада.

Бұл мәселеге қатысты Астана әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі пікір білдірді.

"Жыл басынан бері Есенберлин көшесі, 23 үй тұрғындарынан орынсыз және қауіпті жағдай бойынша арыз түскен жоқ. Қазір мердігер ұйым жарақат алу қаупі бар нысандар бойынша жұмыстарды бастады. Олар ауыстырылады. Тұрғындардың өтінімдері, аумақтың тұрақты мониторингі негізінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет аулаларды жаңартамыз", - делінген Сарыарқа ауданының әкімдігі хабарламасында.

Сондай-ақ, әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі жарақат алған баланың отбасына барлық қажет медициналық көмек көрсетілетінін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда "Нартайлақ" балабақшасында үш жасар қыздың саусағы жұлынып қалғаны хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!