Депутат Ермұрат Бәпи ауруханаға түсіп қалды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи ауруханаға түсіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл ақпаратты депутат Massaget.kz тілшісіне растады. Редакция тілшілері Парламент каникулға кеткеннен кейін Ермұрат Бәпидің сайлаушылармен кездесу барысы туралы сұрауды жөн көріп, хабарласқан болатын. Алайда депутат мертігіп қалғанына байланысты барлық жоспарын кейінге сырғытыпты.   

"Жамбасты мертіктіріп алдым. Ауруханадан үйге шықтым. Барлық жоспар кейінге сырғыды. Биылғы жазғы демалыс аурухананың төңірегінде өтетін болды. Тек тамыз айында сайлаушыларыма жете алсам, соның өзі мен үшін үлкен олжа болмақ", - дейді депутат. 

Еске салайық, 30 маусымда Қазақстан Парламенті каникулға кеткен болатын. Қазақстан Парламенті палаталардың бірлескен отырысында VIIІ шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы аяқталғаны туралы хабарлады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутаттар каникулы басталғанын мәлімдеді. Палаталардың бірлескен отырысында Мәжіліс спикері Парламентке өткен барлық партия депутаттар белсенді жұмыс істегенін атап өтті. 

Сондай-ақ, Ерлан Қошанов Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болғанын, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойғанын атап өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!