Мемлекет басшысы Астанадағы өткір мәселені атады

Мемлекет басшысы Астанадағы өткір мәселені атады
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы тұрғын үй мәселесіне қатысты жайттарды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тұрғын үй құрылысын ретке келтіру қажет. Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп.

Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, Астанада төрт мыңға жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр.

"Бұл - өткір мәселе. Оны шешу үшін батыл қадамдар жасау қажет. Қазір бұл бағытта атқарылып жақтан жұмыстар жеткіліксіз. Биыл үлескерлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтау керек. Жыл соңына дейін бұл мәселе толық шешімін табуға тиіс. Осындай құрылыстардың қайта пайда болуына жол бермеу қажет.

Мен қаңтардағы жиында ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты кеңірек тоқталдым. Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл – әсіресе шеткері орналасқан жеке секторға қатысты мәселе.

Көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет. Бұл - өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ", - деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова