Мирзиёев үшінші мерзімге Өзбекстан президенті болып сайланды

Мирзиёев үшінші мерзімге Өзбекстан президенті болып сайланды
Фото: іnstagram.com/mirziyoyev_sh

Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиёев кезектен тыс президент сайлауында 87,5 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Gazeta.uz-ға сілтеме жасап.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамхожаев сайлаудың алдын ала нәтижелерін Ташкентте өткен брифингте мәлім етті. Ол 13 миллион 625 мың 55 адам дауыс берген Шавкат Мирзиеевтің президент болып сайланғанын жариялады.

"Адолат" (Әділет) социал-демократиялық партиясынан ұсынылған Робахон Махмудова 4,43 пайыз дауыс жинады - оған 693 634 адам дауыс берді.

Халықтық демократиялық партияның кандидаты және оның жетекшісі Ұлықбек Иноятов 4,2 пайыз дауыс жинады - 629 мың 116 адам.

Өзбекстанның Экологиялық партиясынан үміткер Абдушукур Хамзаев 3,74 пайыз дауыс жинады - 585 711 адам.

"Сайлау халықаралық нормалар мен стандарттар мен ұлттық сайлау заңнамасы негізінде ашықтық, жариялылық, еркіндік пен әділдік сияқты демократиялық қағидаттарға толық сәйкес өтті", - деді ол.

2016 жылы 4 желтоқсанда өткен сайлауда Шавкат Мирзиёев 87,73 пайыз, 2021 жылы 24 қазанда 80,12 пайыз дауыспен жеңіске жеткені атап өтілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек