Жеңілдетілген микрокредит алуға қазақстандықтардан 4 мыңнан аса өтінім түсті

Қазақстанда жеңілдетілген микрокредит алуға 4,2 мыңнан аса өтінім түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген микрокредиттер алуға 4,2 мыңнан аса өтінім түскен. Биыл барлығы 5 796 микрокредит беру жоспарланып отыр.

"Микрокредиттің мөлшері 5 миллион теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі 5 жылға дейін (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды", - делінген министрлік хабарламасында.

Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (595), Жамбыл (512), Қызылорда (313), Жетісу (311), Батыс Қазақстан (278) және Алматы (253) облыстарынан түсті.

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 2189 жоба мақұлданды, оның ішінде 1228 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.

Сондай-ақ, микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.

Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт саналады. Ол ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.

Өтінім беру үшін құжаттар пакетін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет.

Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.

Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Қазір микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыста, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!