Темір жол вокзалындағы букмекерлік кеңселердің жарнамасының ілінуі заңды ма?

Темір жол вокзалындағы букмекерлік кеңселердің жарнамасының ілінуі заңды ма?
Фото: автордан

Қалада жарты қадам жүрсең букмекерлік кеңселердің жарнамасына тап боласың. Ол аздай құмар ойын мен бәс тігуге үгіттейтін жарнама вокзал мен аэропортта да самсап тұр. Мемлекеттік маңызы бар нысандарда букмекерлік кеңселерді жарнамалау қаншалықты дұрыс? Massaget.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.   

"Алматы 2" темір жол вокзалының күту залында букмекерлік кеңсенің жарнамасы жаңғырып тұр. Барыс-келісі, алыс-берісі көп аумақта қаптаған қауымның жүретіні жасырын емес. Алайда Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы бұл әрекетке заңмен тыйым жоқ екенін айтты.

Мәселе мынада. ҚР «Жарнама туралы» заңына сәйкес сыртқы (көрнекі) жарнама ашық кеңістіктерде, жалпыға ортақ пайдаланалытан автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде жарнамалауға арнайы хабарлама жіберілген жағдайда рұқсат беріледі. Алайда аталмыш заңның 11-бабы 1-1-тармағына сәйкес, ішкі безендіру сыртқы (көрнекі) жарнамаға жатпайды. Осылайша, белгілі бір ғимараттың ішіндегі жарнамаларға заңмен тыйым салынбайды. Басқарамамен келісуді де қажет етпейді.

Сәйкесінше темір жол вокзалының ішіндегі жарнамаға да аталған басқарманың билігі жүрмейді. Десекте, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына тиісті мекемеде букмекерлік кеңсенің жарнамасы тұруы ұлтқа қастандық емес пе?

Ол аз десеңіз жарнама туралы заң букмекерлік кеңселердің жарнамасын дәстүрлі және дәстүрлі емес деп бөліп қойыпты. Адамның санасын улап, бәстігуге басымен кіріп кетуге мәжбүрлейтін компанияларды бұлай екіге бөліп қарау кімге керек болды? Себебі, бәс тігіп байығандардан көрі, барынан айырылғандар тым көп.

"Букмекерлік кеңселердің жарнамасын орналастыруға қатысты заңның 6-бабы 5-1-тармағына сәйкес электрондық казино мен интернет-казиноны жарнамалауға тыйым салынады. Бұл ретте дәстүрлі казинолар мен букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салынбайды", - дейді ведомство өкілдері.

Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы бұған дейін құмар ойындардың сыртқы (көрнекі) жарнамасын орналастыруға тыйым салатын тармақ қарастырылған жаңа заң жобасын әзірлепті. Алайда, ҚР Әділет министрлігінің тарапынан бұл тармақ ҚР-ның "Жарнама туралы" негізгі заңына қайшы келетіндігіне байланысты келісілмеген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов