Кентауда адамдар уланған дәмханадан ауру қоздырғыш бактериялар табылды

Кентауда көшедегі дәмханадан улануына байланысты жүргізілген тексерістің алғашқы нәтижесі шықты. "Ризық рауаны" кафесінде қуырылған тауықтың құрамынан ауру қоздырғыш бактерия табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, ондағы қызметкерлердің сынамасы да таза шықпады. Аспаз бен оның көмекшісі, даяшылардан тіпті курьердің ағзасынан ішек таяқшалары табылған. 

"Жаппай улану кезіндегі тексеру нәтижесі бойынша 20 қызметкерден бактерия тасымалына тексеру жүргізілді. Алты қызметкерден стафилококк анықталып отыр. Аспаз, даяшылар, курьер қызметін атқаратын қызметкерлер. Одан бөлек, екі жағдайда Salmonella enteritidis деген екі бактерия анықталды. Салат дайындайтын және пицца дайындайтын қызметкерлерден", - дейді Түркістан облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов. 

Осыдан бір апта бұрын Кентау қаласындағы "Ризық рауаны" деп аталатын дәмханадан жүз шақты тұрғын уланған болатын. Фастфуд жасайтын орында адамдар қуырылған тауық, пицца мен суши жеп ұшынған. Олардың жартысынан көбі балалар. Тағы үшеуі жүкті әйел. Қызуы көтеріліп, іші өткендер сол сәтте жаппай ауруханаға жатқызылды. Бүгінде науқастар жазылып, үйліне жіберілген. Тек екеуі әлі емделіп жатыр.

Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны 100-ге жетті

Ал дәмхананың жағдайына келер болсақ, дәл осы тамақтану орталығынан былтыр да екі рет 180-ге жуық адам жаппай уланыпты. Ас ішетін орынның санитария талабына сай келмейтіні анықталды. Тіпті азық-түлік пен шикізатты көрінген жерден сатып ала берген. Олқылықтың орнын толтыруға тырыспайтын фастфуд орталығының қожайыны осы жолы оңай құтылмайтын сияқты. Өйткені іс бүгінде облыс әкімінің жеке қадағалауында. Прокуратура мен полиция департаменті, антикордың тергеушілері бірігіп тергеуді жалғастырып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Кентау қаласында тамақтан уланумен орталық қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 67 адам, амбулаториялық емделушілерге 28 адам түскені хабарланған болатын. 14 жасқа дейінгі науқас балалар арасында - 40, ересектер - 27, оның ішінде жүкті әйелдердің саны - үшеу.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, уланғандар фаст-фуд кафесінде суши мен тауық етін жеген.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осыған дейін 58 адам уланып, 19-ы инфекциялық бөлімшеге жатқызылғаны туралы хабарланған болатын. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Мамандар зертханалық зерттеу үшін дәмханадан сынама алды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!