Жағажайға барарда балаға не алу керек?

Жағажайға барарда балаға не алу керек?
Фото: pixabay.com

Жаз - ересектерге де, балаларға да қатты ұнайтын мезгіл. Жаз мезгілінің бір қызығы - суға түсуге бару. Егер жақында отбасыңызбен жағажайға баруды жоспарлап отырсаңыз, біз ұсынған тізімге көз жүгіріңіз.

1. Бас киім

Бас киім баланың басын ғана емес, көзін де күн сәулесінен қорғауы керек. Сондай-ақ бас киім басына дәл шақ болуы керек, егер ол сәл үлкен немесе кең болса, ол желге ұшып кетеді немесе бала белсенді ойнаған кезде басынан түсіп қалады.  Сонымен қатар, көзге бірден түсетін ашық түсті бас киім таңдаңыз: балаңызды көп адамның ішінен оңай табасыз.

2. Күннен қорғайтын көзілдірік

Баланың көзін ультракүлгін сәуледен қорғау үшін көзілдірік алған дұрыс. Егер балаңыз көзілдірік киіп үйренген болса, бұл аксессуарды салып алуды ұмытпаңыз.

3. Артық шолақ дамбал немесе плавки

3-4 жасқа дейінгі балалардың суға жалаңыш шомылғаны жақсы. Бірақ егер сіз барған шомылатын жерде ол рұқсат етілмесе немесе өзіңіз оны дұрыс деп санамасаңыз, балаға бір емес бірнеше шомылуға арналған киім салып алыңыз. Әйтпесе, бала су киіммен жағажайда жүріп қалса, ол тоңып қалуы мүмкін. Сондай-ақ дымқыл киімнің ішіне құм жиналып, ол баланың жыныс мүшелерін тітіркендіруі мүмкін.

4. Ұл балаға жеңіл футболка және қызға жұқа көйлек

Баланы судан шыққаннан кейін жылыту үшін оның үстіне киім кигізіп қоюға болады. Сондай-ақ жұқа киімдер бала терісін күн көзінен қорғайды.

5. Ыңғайлы тәпішке немесе сандал

Құм-тастар баланың аяғын ауыртады. Сондай-ақ құм қатты ыстық болып оның аяғын күйдіруі мүмкін. Сондықтан оған тәпішке салып алыңыз. Оған қоса, оны киіп-шешу ыңғайлы. Бірақ құмның үстімен жалаң аяқ жүру пайдалы екенін де ұмытпаңыз. 

6. Күннен қорғайтын косметика

Бала терісі күнге күйіп қалмас үшін оған күннен қорғайтын крем жағу керек. Мұндай кремдерді бала әр суға түсіп шыққан сайын жаңартып жағу керек.

7. Сусындар

Шөлді кәдімгі қайнатылған немесе минералды газдалмаған су қандыратынын ұмытпаңыз.  Сүт, жеміс шырындары және үйде дайындалған компоттар күн көзінен тез қышқылданады. Сондықтан өзіңізбен бірге таза су алуға тырысыңыз. 

8. Тамақ

Өзіңізбен бірге жемістер, көкөністер мен жидектер алып шығуға болады. Оларды үйден жақсылап жуып алып шығыңыз. Ал тіскебасар ретінде печенье салып алуға болады. Сондай-ақ бауырсақ, пирожки пісіріп алып шығыңыз. Сырттан тамақтану, әсіресе, жазда қауіпті екенін ұмытпаңыз: одан уланып қалуларыңыз мүмкін.

9. Ойыншықтар

Жағажайға резеңке немесе үрлемелі допты және құммен ойнауға арналған жинақты (қалақ, шелек) алып келуді ұмытпаңыз.

10. Үрлемелі шеңбер

Балаңыз жүзе алатын болса да, оған үрілетін шеңбер немесе жең кигізіп қойған дұрыс. Алайда мұндай нәрселер баланың жүзуіне ғана көмектесетінін және оның құтқаруына арналмағанын ұмытпау керек. Ата-ана суда әрдайым баласының жанында болуы керек.

Суда шомылғанда қандай ережелерді сақтау қажет?

А. Жапатова