Түркістан облысында әкесінің көлігімен бірнеше рет жол ережесін бұзған бала ұсталды

Түркістан облысында әкесінің көлігімен бірнеше рет жол ережесін бұзған бала ұсталды
Фото: instagram.com/turkistan_polisia

Әкесінің көлігімен жол қозғалысы ережесін бірнеше рет бұзған жасөспірімді полицейлер анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан полицейлері Сарыағаш қаласындағы көшелерде кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің "Hyundai Sonata" маркалы автокөлікті басқарып, тәулік бойы жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғанын анықтады.

Осы дерек бойынша жедел жұмыстарды атқарған полицейлер жасөспірімнің 16 жастағы Сарыағаш қаласының тұрғыны екенін анықтады.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы "Бағдаршамға тыйым салу сигналына немесе реттеушінің тыйым салу қимылына жол жүру" және ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы "Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы" бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.

Жасөспірім әкесінің көлігін басқарған болып шықты. Сондықтан жасөспірімнің әкесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі "Көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға не көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамға беру" бойынша шара қолданылды.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушының көлігін Сарыағаш қаласындағы айыптұраққа қойды. Полицейлер тарапынан құқық бұзушыға жол апатына ұшырап, айыптұраққа жеткізілген көліктер көрсетіліп, түсіндірме жүргізілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина