Атырауда мәдени нысанды жөндеуге бөлінген жарты миллиард кері қайтарылды

Атырауда мәдени нысанды жөндеуге бөлінген жарты миллиард теңгені құзырлы органдар қазынаға кері қайтарып жатыр. Қаладағы Құрманғазы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге мәдениет басқармасы 449 миллион теңге бөліп, мердігерді де анықтап қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Алайда тендер ұйымдастыруда заңсыздықтар анықталған. Тарихи-мәдени нысандар қатарына жататын мәдениет үйін жөндейтін компанияның арнайы лицензиясы болмай шыққан. Сондықтан жарты миллиард теңгені жеңіп алған құрылыс компаниясы қайта жаңғырту жұмысын жасай алмайды. Қазір прокуратура мемлекеттік сатып алу шартының күшін жойып, тапсырыс берушіні жауапқа тартып жатыр.

"Прокуратураның араласуымен құны 449 миллион теңге болатын мемлекеттік сатып алу шартының күшін жою туралы уәкілетті органға талап хат жолданды. Кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 447-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды. Және айыппұлын төледі. Мемлекеттік мекеме осы мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарын сақтай отырып, арнайы құжаттарын реттеуі қажет", - дейді Атырау қаласы прокурорының орынбасары Мирас Жалмұрзин. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!