Маңғыстау облысында энергокомбинатта болған апатты жою жұмыстары басталды

Маңғыстау облысында энергокомбинатта болған апатты жою жұмыстары басталды
Фото: әкімдік

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты 7 шілдеден бастап толық жұмыс режіміне көшеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Энергокомбинатта болған апатты жою жұмыстары басталды. "МАЭК" кәсіпорнындағы №1 энергетикалық блок 3 күн бұрын апат жағдайында тоқтап, салдарынан Маңғыстаудағы ірі мұнай компаниялары мен Атырау өңірі, ондағы өнеркәсіптік нысандар жарықсыз қалды. Осыған байланысты апаттың мән-жайын анықтау үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Оның төрағасы, премьер-министрі Әлихан Смайылов Ақтауға келіп, стратегиялық маңызды нысанның қызметін қалпына келтіру жұмыстарын көрді.

Апат болған №1 энергетикалық блокты жөндеу жұмыстары бүгін басталған. Мамандар 2 күнде станцияны толық жұмыс режиміне шығаруды жоспарлап отыр.    

"МАЭК" кәсіпорны Ақтау қаласы мен бірнеше елді мекеннің тұрғындарын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ауызсу, ыстық және техникалық су өндіреді. Алайда қазір қондырғыларының 80 пайызы тозып тұр. Электр станциясы мен теңіз суын тұщыту қондырғыларының ескірген бөлшегін ауыстыруға биыл өңір бюджетінен 2,6 миллиард теңге бөлінді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов энергокомбинатқа республикалық бюджеттен 4,9 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етпек.

"Үкімет энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Енді әкімдіктің жұмысы және осы мекенің менеджментінің жұмысы - қаражатты тез арада тиімді пайдаланып, жабдықтарды жаңғырту. Сөйтіп "МАЭК" жұмысын тұрақты түрде қамтамасыз етуі қажет", - деді Әлихан Смайылов.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz