"Қарша борап жатыр". Ақтөбелік шаруалар жанайқайын жеткізді

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының шарулары шегірткеден зардап шегіп отырғандарын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ырғыз ауданының Құтикөл, Жарма, Аманкөл ауылдарының маңында шегірткелер шабындық, жайлым жерлерді отап жатыр. Шаруалар бұған бір тоқтам болмаса, қыста азықсыз қалатындарын айтады. Тұрғындардың улау жұмыстарына да көңілі толмайды.

"Егер жаңбыр жаумаса, шөп шықпаса, оған мемлекеттен ақша бөлінбейді. Мұны түсінеміз. Ал шегірткеге бөлініп отыр. Негер бұлар уақытында уламайды? Аудан бойынша Қалыбай, Құрылыс, Құмтоғай, ауылдарын улаған. Ал Құтикөл, Жарма, Аманкөл, Тәуіп, Жайсаңбай ауылдарына мүлде улау жұмысы жүрмеген. Үш жылдан асып кетті, шегіртке улайтын ұшақ көргеніміз жоқ. Қазір бармақтың басындай шегірткелер қарша борап жатыр. Мал жайлайтын жердің бәрін жалмап бітірді", - дейді "Асылжол" шаруа қожалығының өкілі Асылбек Самалбек.

Шаруаның айтуынша, қазір күн қағу, қатты ыстық емес. Егер екі-үш күн аптап болса, шегірткелер бұдан да көбейе түседі. Ырғыз өңірінің халқы тек мал шаруашылығымен күнелтіп отыр. Егер шегірткеге бір шара қолданбаса мал азықсыз қалмақ. Шаруалар бұл мәселені аудан әкімдігіне де айтқан. Алайда нәтиже шамалы.

Осы мәселе жөнінде аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновке хабарластық. Оның айтуынша, аудан бойынша 105 мың 825 гектар жерге өңдеу жұмысы жүруі керек. Бүгінгі күні оның 100 мың гектары уланған. Ал 20 мың гектар жер азиат шегірткесіне қарсы улануы тиес болса, қазір оның 18 мың гектары өңделген. Ан-2 ұшағы, екі жеңіл ұшақ және өзге де техникалармен улау жұмыстары жүргізілген.

"Қызылжар, Аманкөл, Құмтоғай, Ырғыз елді мекендерінде шегіртке шығып жатыр. Біз бәрін біліп отырмыз. Бүгінгі күні ұшақпен өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалыбай елді мекенінде Қашқын деген жер бар, соны улап жатырмыз. Осы маңда өңдеу жұмыстары аяқталса мамандарды Құтикөл мен Жармаға қарай жібереміз", - деді аудан әкімі.

Аудан басшысы шегірткені тоқтатуға мүмкіндік бар екенін айтты.

Кәмшат Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!