Атырауда кейінгі екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген 6 ауыл бар

Атырауда кейінгі екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген 6 ауыл бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірлігі мен берекесі жарасып, көпке үлгі болып отырған ауылдар Атырау облысына қарасты Индер, Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы, Жылыой аудандарында орналасқан.

Индер ауданына қарасты Аққала ауылында, Махамбет ауданына қарасты Еңбекшіл және Есбол ауылдарында, Қызылқоға ауданына қарасты Тасшағыл ауылында, Құрманғазы ауданының Орлы ауылы, Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылдарында кейінгі екі жылда бірде-бір қылмыс болмаған.
Полицейлер бұл ауылдарда криминоген жағдайдың тұрақталуына тұрғындардың ішімдікті көп тұтынбауы себеп болып отырғанын айтады.

"Бұл ауылдарда тұрғындар негізінен салауатты өмір салтын ұстанады. Жастар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секциялар мен түрлі үйірмелер жұмысының қарқын алуы да ауыл азаматтарының қызығушылығын жақсы арнаға бұрып отыр", - дейді Атырау облысы Полиция департаменті бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!