Тоқаев Швейцарияның сыртқы істер министрі Иньяцио Кассисті қабылдады

Тоқаев Швейцарияның сыртқы істер министрі Иньяцио Кассисті қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияның сыртқы істер министрі Иньяцио Кассисті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас достық пен ынтымақтастық рухында дамып келе жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Швейцарияның Алматыдағы Құрметті консулдығы қызметінің басталуымен құттықтады. Оның ресми ашылу рәсіміне Иньяцио Кассис қатысты.

Мемлекет басшысы Швейцария Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси, сауда және экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты. Қазір Швейцария Қазақстанның жетекші 20 сауда серіктесінің қатарына кіреді. Елімізге жалпы көлемі 32,5 миллиард доллардан аса инвестиция құйған үш ірі инвестордың бірі.

"Біз Қазақстан экономикасының перспектив салаларына инвестиция құюға дайын жаңа швейцариялық компанияларды қолдаймыз. Қазақстан Үкіметі мен Stadler теміржол концерні арасында қол қойылған келісімнің келешегі зор деп ойлаймын. Сондықтан осы мәміленің жүзеге асырылу барысын ерекше қадағалаймыз. Бұл біздің қарым-қатынасымыздың дамуына тың серпін береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Швейцария Конфедерациясының президенті Ален Берсеге ізгі тілегін жолдады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек