Арбаға таңылғанына қарамастан, ерекше балаларға көмектесіп жүрген атыраулық көпшілікті тәнті етті

Күтпеген жерден жол апатына түсіп, арбаға таңылған атыраулық Наурызбек Шакиев өмірге деген құштарлығының арқасында көп адамға үлгі болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Арбаға таңылмас бұрын полиция сапында қызмет еткен Наурызбек қазір "Шеберлер шахары" деп аталатын шағын цехтың жұмысын жүргізіп отыр. Басына түскен қиын сынақтан кейін ол өзін жоғалтпай, қолөнер саласына бет бұрған. Наурызбек жақында Орталық Азияның Еуразия қорының әлеуметтік бастамаларға арналған шағын грантын ұтып алған.

Наурызбек жұмысын жүргізіп отырған цехтың мақсаты - ерекше балалардың қол моторикасын дамыту.

"Орталыққа келіп жүрген балалар гипстен жасалған түрлі пішіндерді гуашьпен бояп, өздерінің қиялындағы әсемдік әлемін жасап жатыр. Яғни, бұл жерде балалар бұйымды бояп қана қоймай, өздерінің ұсақ қол моторикасын дамытып, түстерді ажырата білу және ойлау қабілеттерін дамыту мүмкіндігін иеленіп отыр. Балаларға қызық болуы үшін заманауи мультфильм кейіпкерлерінің пішіндерін табиғи таза өнім гипстен жасап жатырмын", - дейді Наурызбек Шакиев.

Шеберлер цехындағы барлық ерекше бұйымды Наурызбек балаларға арнап өз қолымен жасайды. Ашылғанына 3 ай болған орталық қысқа мерзім ішінде 70 балаға ерекше мүмкіндік сыйлаған.

Жанна Амантайқызы - ерекше баланың анасы. Баласын Наурызбектің цехына әкелген ана орталық ұсынып отырған шығармашылық мүмкіндіктердің ерекше балаларға қанат бітіріп отырғанын айтады.

"Балам ұзақ еңбектеніп бояған ойыншығын досына сыйлады. Енді орталыққа қайта барғысы келіп отыр. Бұрынғыдай емес, жаңаны үйренуге қызығушылығы да артты, үйде де көтеріңкі көңілмен жүреді", - дейді ол.

Өмірде шектеу жоқ екеніне сенетін Наурызбек алдағы уақытта экологиялық таза, сапасы жоғары үлкен ойыншықтар жасайтын цех ашуды мақсат етіп отыр.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!